FIPP төрағасы: Қазақстан жаһандық идеялардың қайнар көзіне айналып келеді

Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Next 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстанның жаһандық трендтерді тұтынушы ел рөлінен біртіндеп алыстап, экономика, медиа, технология және жасанды интеллект салаларында өз күн тәртібін қалыптастырып келе жатқаны айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
FIPP төрағасы әрі “Kazmedia Holding” консультативтік кеңесінің мүшесі Юлия Бойл форум алаңында сөз сөйлеп, Turning Points Kazakhstan 2026 жергілікті басылымын таныстырды.
Бүгінгі Қазақстан – жаһандық трендтерді тек бейімдейтін ғана ел емес. Біз мұнда өз сараптамасының қалыптасып жатқанын, технологиялардың жасалып, әлемге қызық болатын идеялардың дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндет – осы трансформацияны халықаралық алаңда көрсету, – деді Юлия Бойл.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан адами капиталды дамытуға, цифрландыруға және жасанды интеллектке қатысты ұстанымында сапалы өзгеріс байқатып отыр. Атап айтқанда, ЖИ тек көмекші құрал ретінде ғана емес, білім беруден медицинаға және медиаиндустрияға дейінгі жаңа сервистерді жасауға негіз болатын тетік ретінде қолданылып келеді.
Қазақстан мен Орталық Азия үшін алғаш рет жүзеге асқан Turning Points Qazaqstan 2026 жобасының іске қосылуы елдің жаһандық зияткерлік диалогқа шығуына ықпал ететін құралдардың біріне айналды. Бұл жоба халықаралық және жергілікті сарапшыларды біріктіріп, алдағы 12 айда өңірдің дамуын айқындайтын негізгі үрдістерді қамтиды.
Еске салайық, елордада жаһандық трендтерге арналған Qazaqstan NEXT 2026 форумы өтуде.
Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болып отыр.




