Щучинсктегі қызылша індеті: 71 кадет стационарлық бақылауда

Щучинск қаласындағы кадеттер арасында қызылшамен жаппай ауру жағдайы әлі де бақылауда. Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде ауырғандар саны 71-ге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, барлық науқас стационарға жатқызылды. Тексеру нәтижесі бойынша 24 кадеттен қызылша инфекциясы расталды. Олардың екеуі облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, жағдайлары тұрақты.
Қалған стационарға жатқызылғандар өткір респираторлық вирустық инфекция белгілерімен қабылданған. Барлық науқастарға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.
Денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, қазіргі уақытта науқастардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай мамандардың бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Щучинскте кадеттер арасында жұқпалы ауру тарап, карантин жарияланғанын хабарлаған болатынбыз.




