Банк басшысы: Мың әйелдің біреуі ғана ипотека төлеуге қиналады

“Отбасы банк” АҚ басқарма төрайымы, экономика ғылымдарының кандидаты Ләззат Ибрагимова кредит алған мың әйелдің біреуі ғана несие төлеуге қиналатынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің банкте барлық несиенің 56 пайызын әйелдер алған. Бұл – біздің портфеліміздің өзегі. Бүгінде 209 мың қазақстандық отбасында әйел адам қарыз алушы, ал несие сомасы 2 триллион теңгеден асады. Олардың орташа жасы – 44 жас. Қазір бұл несиелер өтеліп жатыр. Банктің NPL көрсеткіші – 0,11 пайыз екенін айта кетейін. Бұл дегеніміз – мың әйелдің тек біреуінде ғана несие төлемінде қиындық бар деген сөз, – деді басқарма төрайымы “Ақ жол арулары” республикалық форумында.

Бүгінде “Отбасы банкінің” депозиттік портфеліндегі әйелдердің үлесі де ерлерден басым, 60,6 пайыз. Яғни 10 салымшының 6-ы – әйел.

Қазір 2 миллион 146 мың 758 әйелдің жинақ депозиттері бар. Олардың орташа жасы – 34,5 жас. Шоттардағы қаражат көлемі 1 триллион теңгеден асады. Бұл – қаржылық тұрақтылықтың берік негізі. Әйелдер жинақ мәдениетін белсенді түрде қалыптастырып отыр. Олар отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді Ибрагимова.

Бұған дейін банк басшысы барлық қазақстандыққа ақша жинаудың тиімді кеңесін берген еді.