Тұрғын үй жинақтары: Енді жүйеге екінші деңгейлі банктер де қатыса алады

Қазақстанда «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне тек «Отбасы банкі» ғана емес, екінші деңгейлі өзге банктердің де қатысуына мүмкіндік берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, «осы заңның мақсаттары үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банктері деп тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мәртебесіне ие емес екінші деңгейлі банктер де танылады». Бұған дейін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде жұмыс істеу құқығы тек «Отбасы банкіне» ғана тиесілі болған.
Жаңа ережелер екінші деңгейлі банктерге өз клиенттері үшін тұрғын үй құрылыс жинақтарына арналған салымдар ашуға, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған аралық, алдын ала және тұрғын үй қарыздарын беруге мүмкіндік береді.
Алайда белгілі бір шектеулер де бар. «Отбасы банкіндегі» салымдар жыл сайын мемлекеттік сыйлықақымен ынталандырылады. Ал қарапайым банктерде ашылған тұрғын үй жинақ салымдарына мұндай мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілмейді.
Осылайша, екінші деңгейлі банктер тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қол жеткізгенімен, олар «Отбасы банкінен» өзгеше шарттармен, яғни салымдар бойынша мемлекеттік сыйлықақы алу құқығынсыз жұмыс істейтін болады.




