Тоқаев: “Президент Трамптың көмір туралы сөзінде ақиқат бар”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көмір энергетикасын дамытудың маңызын атап өтіп, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың бұл мәселеге қатысты ұстанымымен келісетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның орасан зор көмір қорына назар аударып, оны заманауи технологиялар арқылы тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз пайдалану қажет екенін айтты.

Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмір 300 жылға жетеді. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп “Маған жел емес, көмір ұнайды” деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, көмірден қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесін беру қажет. Осыған байланысты Үкіметке арнайы ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдау тапсырылды.

Мемлекет басшысы көмір энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жасанды интеллект пен дата-орталықтар секілді энергияны көп қажет ететін жаңа экономиканы дамыту үшін де шешуші фактор болатынын атап өтті.

Еске салсақ, бүгінгі Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент “Құрылтай” деп аталуы мүмкін екенін атап өтіп, жаңа Парламенттің құрамы мен құрылымына қатысты жұмыс тобы талқылаған негізгі ұсыныстарды таныстырды. Сөзінше, жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы мүмкін. Белгілі болғандай, жаңа Парламент 5 жылға сайланады.

Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы елде қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған жаңа институт – Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Авраам келісімдеріне не үшін қосылғанын да түсіндірді.