Қазақстанда медициналық қызметтер ақысы өзгереді

Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің  кепілдендірілген көлемі (ККТМК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында медициналық ұйымдардың қызметіне ақы төлеу қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұсынылып отырған өзгерістер мына бағыттарды қамтиды:

  • медициналық қызметтерге ақы төлеу тетіктерін жетілдіру, олардың ашықтығы мен тұрақтылығын арттыру;
  • стационарлық бақылау және аралас ем жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, протондық терапияға ақы төлеудің жаңа тәсілдерін енгізу;
  • инфекциялық бейіндегі клинико-шығын топтарының логикасын жаңарту;
  • қабылдау бөлімдерінің қызметіне ақы төлеу тәртібін қайта қарау;
  • қайтыс болған донорды дайындау қызметіне ақы төлеу механизмін оңтайландыру және Қормен тікелей шарттарға көшу;
  • жедел медициналық көмек қызметкерлеріне еңбек жағдайының ерекше сипатына байланысты қосымша төлемдер енгізу;
  • күндізгі стационар жағдайында коронарлық артериография үшін төлем мөлшерін арттыру;
  • Қорға шығыстар туралы мәліметтер ұсыну нормаларын нақтылау және шарттық рәсімдерге редакциялық түзетулер енгізу.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістерді іске асыру медициналық қызметтерге ақы төлеу тетіктерінің ашықтығы мен негізділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, медициналық көмекті негізсіз тұтыну тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ инфекциялық бейіндегі медициналық көмекті қаржыландырудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Аталған құжат Ашық НҚА сайтында жарияланып, 30 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.