Алматы тауларында турист қабылдау мүмкіндігі 5 есеге артады

Алматының таулы аумақтарының турист қабылдау мүмкіндігін 5 есеге – тәулігіне 30 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2018 жылдан бері ұлттық саябаққа келушілер саны 4,5 есеге, ал “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортына келушілер ағыны 2,5 есеге өсіп, жылына 1,5 млн адамға жеткен. Бұл өз кезегінде таулы аумақтарға түсетін жүктемені арттырып отыр.
Жаңа Алматы тау кластері туристер санын теңгерімді түрде бөлуге, табиғатқа түсетін салмақты азайтуға және бағыттардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған басқарылатын инфрақұрылымды көздейді.
Сондай-ақ кластердің жыл бойы жұмыс істеуі жоспарланған: қыста – тау шаңғы демалысы, жазда – хайкинг, экосоқпақтар мен велобағыттар. Аумақтың едәуір бөлігі кез келген адамға қолжетімді күйінде қалады, ал барлық жобалық шешім экологиялық талаптарды сақтай отырып және қоғамдық талқылаулар арқылы жүзеге асырылады.




