Атыраудағы сталкинг: Әйелді 2ГИС арқылы аңдыған ер адам жазаланды

Атырауда ер адам 2ГИС арқылы әйелді және оның балаларын аңдығаны үшін жазаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ер адам танымал қосымшаның геолокация мүмкіндіктерін пайдалана отырып, зардап шегушінің қозғалысын оның кәмелетке толмаған баласы арқылы бақылаған.

Белгілі болғандай, 2025 жылғы қыркүйек айында айыпталушы зардап шегушіні оның қалауына қарсы жүйелі түрде аңдыған. 5 қыркүйекте ол әйелдің үйіне барып, кіре берістің есігін тартып, терезені қағып, содан кейін қашып кеткен.

Кейін ол бақылауды цифрлық әдістерге көшірген.

Іс материалдарында көрсетілшгендей, айыпталушы 2ГИС қосымшасы арқылы зардап шегушінің кәмелетке толмаған балаларын «дос болу» сұрауларына қосқан. Сол арқылы ол жәбірленушінің ұлының геолокациясына қол жеткізіп, отбасының қозғалысын бақылауға мүмкіндік алған.

Сотталушы 2025 жылғы 19 қыркүйекте мас болып, өзінің құқыққа қарсы әрекеттерін жалғастырған. Сол күні қайтадан жәбірленушінің үйіне барып, ашық тұрған ауласына кіріп, терезелерінен қараған.

Сот үкімі бойынша ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 400 мың теңге моральдық зиянды және өкілдің еңбегіне төленген 200 мың теңге шығынды өндірді, – деп хабарлады Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.