Жыл соңына дейін әрбір қазақстандық мемлекеттен 157 мың теңге ала алады

Жыл соңына дейін әрбір қазақстандық мемлекеттен 157 мың теңге ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол үшін жыл соңына дейін депозиттегі қаражатты 786 мың теңгеге дейін жеткізу талап етіледі.
Айта кетейік, 2025 жылы “Отбасы банкіндегі” салымы бар азаматтар үшін мемлекет беретін сыйақының ең жоғары көлемі 157 280 теңге болып белгіленген. Осы тұста көпшілікті «мемлекеттік сыйақы қалай есептеледі?» деген сұрақ мазалайтыны түсінікті.
Тетігі қарапайым: мемлекет салымшының бір жыл ішінде жинаған қаражатының 200 АЕК-ке дейінгі бөлігіне 20 пайыз көлемінде сыйақы қосады. 2025 жылғы есеп бойынша 200 АЕК – 786 400 теңге. Яғни, дәл осы сома мемлекеттік сыйақы есептелетін ең жоғарғы шек болып саналады.
Мысалмен түсіндірсек, егер салымшы 2025 жылы депозитіне 500 000 теңге жинаса, оған 100 000 теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы беріледі. Басқаша айтқанда, салымға салынған әрбір 10 000 теңгеге 2 000 теңге сыйақы есептеледі. Алайда депозиттегі қаражат 1 миллион теңгеден асып кетсе де, мемлекеттік қолдау сомасы 157 280 теңгеден жоғары болмайды. Осындай жағдайда банк мамандары отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашуды ұсынады.
Ескеретін маңызды шарттар бар:
- ең жоғарғы сыйақыны алу үшін 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін депозиттегі қаражат кемінде 786 400 теңге болуға тиіс;
- мемлекеттік сыйақы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында салымшының есепшотына аударылады.
Қаржы сарапшылары алдағы уақытта мұндай қолдау тетігі мүлде тоқтатылуы немесе оның шарттары өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан баспана алуды жоспарлап жүрген қазақстандықтар үшін 2025 жылы беріліп отырған бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып қалу маңызды.




