Жалақы үш есе төмен, талап үш есе жоғары: Жастарға жұмыс табу неге қиын?

 Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елімізде жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 330 мыңды құрап, жұмыссыздар деңгейі 4,6%-ды көрсетіп отыр. Бұл халықаралық стандарт бойынша өте төмен көрсеткіш. Алайда бұл көрсеткіш еліміздегі экономикалық жағдайды толық ашпайды. Әлі де елімізде жұмыссыздық мәселесі, жастардың шетелге жұмыс іздеп кетуі, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық және жалақаның тұрақсыздығы деген секілді мәселелер бар. Жұмыссыздық деңгейі өсуінің ел экономикасына тигізер әсері туралы BAQ.KZ тілшісі экономист маманмен талқылап көрді.

Алдымен сандарға назар аударайық. 2024-2025 жылдары елімізде еңбек күші – 9 млн 780 мың адамды құраса, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі – 2 млн адам. Экономистер бұл көрсеткіштерді тұрақты деп санауға болмайтынын айтады.

Экономист Ерлан Кәрімов еліміздегі басты мәселе – еңбек нарығындағы жұмысшылардың сапасыздығы екенін айтады.

Әсіресе құрылыс, өндіріс саласында жақсы кадр табу қиын. Өзім өңірлерге жиі барып, кәсіпкерлермен кездесемін. Сонда көп айтылатын да осы, кадр тапшылығы және оның сапасының төмендігі, – дейді ол.

Сондай-ақ оған кері пропорционалды пікірдің де бар екенін қозғайды. Оның сөзінше, ТМД елдерінде жоғары білімі бар азаматтар біздің елімізде көп.

Ең негізгі мәселе – жоғары білім беру ұйымдарындағы білімнің сапа деңгейі. Қазір еліміздің басты қалаларында сапа айтарлықтай жақсарған. Оны студенттермен жиі кездесу барысында байқаймын. Алайда өңірлерде мұндай мәселелер әлі де назар аударатын дүние, – дейді ол.

Кәрімовтің айтуынша, қабілетіне қарай білім алу үшін студенттерге көбінесе оқу ақысының көптігі кедергі болады. Ал әйтеуір «диплом алсам болды» деп оқыған маман, ертең өз саласында жұмыс жасауға ниеті де болмайды.

Бір қарағанда, қаржыгер ең маңызды мәселені қозғап отыр. Расымен, қазір өз мамандығы бойынша жұмыс жасап жатқан жастардың үлесі қанша екен? Қай мамандық сұраныста?

Қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қараша айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер мен үміткерлер тарапынан белсенділіктің әлсіреуі байқалған. Платформада жүз бір мың бір жүз вакансия жарияланып, оның 73%-ын біліктілікті талап ететін лауазымдар құрады. Бұл көрсеткіш қазан айымен салыстырғанда жалпы вакансиялар санының 23%-ға, ал білікті мамандарға арналған ұсыныстардың 26%-ға қысқарғанын білдіреді. Үміткерлер де белсенділікті төмендетіп, бір ай ішінде жүз бір мың үш жүз түйіндеме орналастырды . Бұл өткен аймен салыстырғанда 11%-ға аз.

Сонымен министрлік мәліметіне қарап осы айда сұранысқа ие мамандықтарды былайша топтастыруға болады.

Бос жұмыс орындары ең көп сұралған мамандықтар тізімінде мейірбике  – 1 900, санитар – 1 800, тәрбиеші – 1 500, автомобиль жүргізушісі – 1 500 мамандығы бар. Бұл денсаулық сақтау, білім беру және көлік салаларына деген тұрақты кадр үнемі қажет дегенді білдіреді, – деп жазылған Ведомство хабарламасында.

Ал кейбір салалар бойынша өсім бар. Мысалы, тау-кен өндіру өнеркәсібі 26%-ға артып, 1 700-ге жетті, әкімшілік қызмет көрсету 19%-ға өсіп, 2 300-ге дейін көбейген. Ауыл шаруашылығы мамандықтарының үлесі 11%-ға өссе, тұру және тамақтандыру қызметтері  2%-ға өсіп отыр. Бұл салалардағы өсім – маусымдық жұмыстар мен өндірістік циклдердің ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан табиғи үрдіс.

Өңірлерде жағдай қалай?

Өңірлерде жұмыссыздық мәселесінің біртіндеп шешімін тауып келе жатқаны айқын. Себебі басты назарды аударатын бағыт та осы – өңірдегі жұмыссыздың деңгейі. Қазір мемлекет тарапынан осы бағытта бірнеше бағдарлама сәтті жүзеге асып отыр.

Мысалы, оңтүстіктен солтүстікке жұмыс жасау үшін соңғы 5 жылда 17 мыңға жуық адам қоныс аударып, олардың 73%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Министрлік мәліметінше, қараша айында Жетісу облысынан басқа барлық өңірлерде бос жұмыс орнының саны қысқарған. Жетісуда керісінше 11%-дық өсім тіркеліп, жарияланған жұмыс орындарының саны 2 700-ге жетті.

Бос жұмыс орнының саны бойынша көсбасшы өңірлер өзгеріссіз қалды. Олар: Түркістан облысы, Астана қаласы және Алматы қаласы, – дейді ведомство.

Бұл үш өңір барлық ұсынылған вакансиялардың ширегінен астамын қамтамасыз етті.

Қазақстандықтар неге шетелге құмар?

Жыл сайын 25-30 мың адам шетелге , оның ішінде Америкаға, Корея, Жапония, Қытай, Польша, Германия, Түркияға жұмысқа аттанады. Неге? Себебі, жалақы айырмашылығы біздің елмен салыстырғанда 3-5 есе жоғары болады. Осыдан-ақ елімізде өмір сүру ахуалының деңгейін көруге болады.

Осы ретте дәл осындай мақсатпен АҚШ-та тұрып жатқан қазақстандық отбасымен сөйлестік. Динара Булатова АҚШ пен Қазақстанның еңбек нарығындағы өзгерістер туралы былай дейді.

Екі елдің еңбек нарығын салыстырғанда, ең үлкен айырмашылық – тұрақтылық және еңбекақының бағалануы. Мұнда бәрі нақты: не уәде берсе, соны уақытында төлейді. Сонымен қатар, қосымша табыс табуға, икемді графикпен жұмыс істеуге көп мүмкіндік бар, – деп түсіндірді ол.

Сонымен қоса, жұмыскер де жұмыс беруші де бір деңгейде әңгіме құратынын айтады.

Мұнда сен басшысың ба, қызметкерсің бе, бәрібір, бір деңгейде сөйлеседі. Тіпті еден жуатын қызметкермен де өзгелермен сөйлескендей құрметпен сөйлеседі. Сол үшін жұмыс істеу ыңғайлы, – дейді ол.

Ал өзі секілді қазақстандықтардың басқа елге жұмыс іздеп кетуіне жалақының жоғары болуы мен тұрақтылық себеп дейді.

Мұнда ешқашан жалақы кешікпейді,еңбек бағаланады, жұмыс шарттары ашық әрі жеңіл. Сәйкесінше, еңбек құны жоғары болғандықтан, адам өзіне көп нәрседе рұқсат ете алады. Яғни кең, жайлы үйді, арманындағы көлікті, – дейді Булатова.

Иә, қанша жерден жақсы жағдайда өмір салтын қалыптастырып жүрген отандастарымызбен әңгіме барысында елге деген сағыныштың барын көрдік, сездік, сұрадық та. Ал ол сұрағымызға отбасы оқу оқып, тіл үйреніп, жағдай жақсартқан соң елге қайтатынын жеткізді.

Бұл біз мысалға алған бір ғана отбасы пікірі. Ал дәл осындай мақсатпен өзге елге барып, кейде алданып, өз еліне жете алмай жүрген отбасылар қаншама.

Ал әлемде жағдай қалай?

Халықаралық еңбек ұйымының 2025 жылғы есебіне сәйкес, 2024-2025 жылдары жаһандық жұмыссыздық деңгейі шамамен 5% болып қалады. Бұл 1991 жылдан бері ең төмен көрсеткіштердің бірі. Дегенмен, бұл орташа көрсеткіш «барлығы жақсы» дегенді білдірмейді, себебі әр түрлі елде және әр түрлі әлеуметтік топтарда жағдай күрт өзгеріп отыр. Мысалы, 2025 жылдың деректеріне сәйкес, 34 млн адам жұмыссыздар тізімінде тұрған.

Не кедергі?

Жұмыссыздықтан ең көп зардап шегетін топ – жастар. Әлем мәліметінше, 2025 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық шамамен 12,6% болған. Яғни әрбір тоғызыншы жас маман жұмыс таба алмай отыр деген сөз.

Себебі енді ғана оқу бітіріп, жаңа өмірге қадам басқысы келетіндер, жұмыс іздегенде бірден бірнеше кедергіге жолығады. Оның біріншісі және бастасы – тәжірибе сұрау. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған жастар барып курьер немесе такси жүргізуге құмар болады.

Екінші себеп – жалақының аздығы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, enbek.kz қосымшасында ең жоғары жалақы бас құрылысшылар – 640 мың теңгеден бастап, өндірістік учаске бастықтары – 595 мың теңгеден, авиациялық диспетчерлер – 568 мың теңгеден жоғары берілді. Сондай-ақ еліміздің бас қалаларынан бөлек, өңірлердегі жалақы деңгейі әлі де төмен.

Осы уақытқа дейін бір емес, екі бірдей мамандықты игерген Айдана Жеңіс екі дипломмен мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргенін айтады.

Көп жерге түйіндемемді тастаймын, бірақ әңгімелесуге барғанда менен тәжірибе сұрайды. Енді ғана оқу бітірген маманды еш жер жұмысқа алмаса, қалай тәжірибе жинақтауы мүмкін? Соған байланысты жалақында аз болады, – дейді ол.

Еліміздегі еңбек нарығы ресми көрсеткіштер бойынша тұрақты көрінгенімен, жастардың жұмыс табудағы қиындығы, жалақының төмендігі және кадр сапасының үйлеспеуі экономиканың әлсіз тұстарының айқын көрсеткіші болып отыр. Шетелге кетіп жатқан жұмыс күшінің артуы – ішкі нарықтағы жүйелі реформалардың әлі де жеткіліксіз екенін аңғартады. Еңбек нарығын дамыту үшін әлі де білім сапасын арттырып, еңбекке сай жалақымен қамтамасыз етіп, аймақтардағы мүмкіндікті арттыру керек.