Қауіпті көліктер: ЖИ жалған техбайқау мәселесін ауыздықтай ала ма?

Қазақстанда жалған техбайқау тақырыбы қаншалықты өзекті және жасанды интеллект оның шешілуіне көмектесе ала ма? BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.

Қазақстандағы жалған техбайқау мәселесі

Қазақстанда автокөліктерге арналған міндетті техникалық байқауды жыл сайын өткізу тәртібі бар. Алайда халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтып жүр.

Бұл мәселе өткен айда Мәжілісте де көтерілген болатын. Бір топ депутат Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтын жеңіл автокөліктеріне 2-3 жылда бір рет өткізілетін ашық әрі тиімді міндетті техникалық тексеріс жүйесін енгізуді ұсынды. Алайда Үкімет бұл ұсынысты мезгілсіз деп тапты.

Міндетті техникалық байқаудың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Байқау көлік құралдарындағы ақауларды дер кезінде анықтап, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты техникалық байқауды үш жылда бір рет өткізуге көшу – мезгілсіз шешім, – делінді Скляр жауабында.

Алайда қала көшелерінен ақауы бар көліктер анықталып жатыр. Ал техникалық байқау орталықтары жыл сайын миллиондаған көлікті талапқа сай деп таниды.

Көп жағдайда автокөлік иелері техникалық байқаудан шынымен өтпей-ақ, құжатты қағаз жүзінде рәсімдетіп алады. Яғни көлік тексерілмеген, бірақ құжат бар. Бұл жол қауіпсіздігін азайтады, техникалық ақауы бар көліктердің жол апатын тудыру ықтималдығы жоғары, – дейді Астана тұрғыны Бағылан Куронов.

ЖИ технологияларын енгізу заңсыз әрекеттерді азайтады

Қазақстанның тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков техбайқаудың шынайылығын тексеруге ЖИ технологияларын енгізу заңсыз әрекеттерді азайтуға көмектесетінін айтты.

Автоматтандырылған талдау жүйелері сәйкессіздіктер мен адал емес тәжірибелерді анықтай алады, бұл техбайқау процесіне деген сенімділікті арттырады, – деді ол.

Эдоков ЖИ-ды техбайқауға енгізудің перспективасы диагностика, қызмет көрсету және көліктердің қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Дегенмен осы әлеуетті толық жүзеге асыру үшін жүйелердің сенімділігіне, қауіпсіздігіне және тиімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән беру қажет, – деді маман.

Көлік министрлігінің мәліметінше, әзірге Қазақстан техбайқаудың шынайылығын тексеруге ЖИ технологиялары пайдаланып жатқан жоқ. Бірақ 2026 жылдан бастап жүйе қолданысқа енгізілуі мүмкін.

ЖИ жалған техбайқауды қалай анықтайды?

ЖИ технологиялары енгізілген камералар арқылы көліктің техбайқаудан өтіп-өтпегенін анықтауға болады:

  • Жолдағы камералар көліктің нақты жағдайын тіркейді;
  • Бұл мәліметтер техникалық байқау орталықтары енгізген деректермен салыстырылады.

ЖИ арқылы техбайқау орталықтарының жұмысын талдауға болады, яғни AI статистиканы зерттеп, күмәнді белгілерді анықтай алады:

  • бір күнде тым көп көлікті “өткізу”;
  • тексеру уақытының қысқа болуы;
  • бір оператордан талапқа сай жағдайлардың көп болуы.