Ауылдарда таза су жеткілікті – СҚО әкімі

 СҚО-дағы ауылдық елді мекендердің 100%-ы сапалы сумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту қарқынын күшейтіп, желілердің үздіксіз жұмысын және ауылдардың таза ауызсуға толық қолжетімділігін негізгі басымдық ретінде қарастыруда.

Әкімнің айтуынша, биыл облыста 76 км электр желісі жаңартылып, жалпы құны 13 млрд теңгеге үш қосалқы станса қайта құрылған.

Бүгінде Петропавл қаласында ұзындығы 8,1 км болатын екі жылу желісін салу жобасы әзірленуде, оның жалпы құны – 11 млрд теңгені құрайды. 2029 жылға дейін 7 мың километрден астам инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып отыр, – дейді облыс әкімі.

Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық аясында да біраз жұмыс атқарылыпты. Мысалы, 1,5 мың км электр желісі, 13 км жылу желісі және 5 км су құбыры жөнделіп, Петропавл ЖЭО-2-нің №1 мұржасының құрылысы аяқталды. Әкім бұл шаралар өңірдің электр жүйесінің жалпы сенімділігін айтарлықтай арттырғанын айтты.

Ғауез Нұрмұхамбетов ерекше атап өткен сала – ауылдарды сумен қамту. Үкіметтің қолдауы нәтижесінде ауылдық елді мекендердің барлығы дерлік сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліпті.

Биыл осы бағытқа бұрын-соңды болмаған 74 млрд теңге бөлінді, бұл соңғы үш жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары. Оның 44,9 млрд теңгесі – қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған. Қазір жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталып, іске қосу және реттеу кезеңі жүргізілуде. Ең маңыздысы – ауылдарға таза су жеткізілді, – дейді Нұрмұхамбетов.

Белгілі болғандай, биыл күзде Жоғары аудиторлық палата Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 5 жылда мемлекеттік қызметтерге бөлінген қаражаттың тиімділігін талдап, 28 млрд теңге көлемінде бұзушылықтардың бар екенін анықтады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөзінше оның 25 млрд теңгесі қалпына келтірілді.