Қазақстанда қоғамдық орындарда никаб кигендер жазаланады: депутат түсіндірді

 Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов “Құқық бұзушылық профилактикасы туралы” жаңа бірыңғай заңның екінші оқылымда қабылдануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер аясында қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жауып, тануға кедергі келтіретін киім (никаб) киюге әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Алғаш рет анықталса, ескерту беріледі, ал қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қоғамдық орындар дегеніміз – көшелер, подъездер, дүкендер. Мұның бәрі қоғамдық орындарға жатады. Тіпті пойыз вагондары да қоғамдық орын болып есептеледі, – деді депутат өзгерістердің қандай жерлерге қолданылатыны туралы сұраққа жауап бере отырып.

Ол сондай-ақ бұл заң сенуші азаматтарға қарсы бағытталмағанын ерекше атап өтті.

Қалғанына келсек, бұл нақты діндар адамдарға қарсы қабылданып жатқан шешім емес. Қазір бәрі бетіне бірнәрсе киіп жүреді, жастар түрлі маска тағып шығады. Міне, осының бәріне тыйым салынады, – деді депутат.

Еске салсақ, енді қоғамдық орында никаб кигені үшін жаза қолданылады. Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады.