Жылымық, аяз және мол жауын-шашын: Қазақстанда алдағы қыс қандай болады

 «Қазгидромет» 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі қыс маусымына, сондай-ақ 2026 жылдың наурызына арналған консультативтік ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдын ала деректерге сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде қыс салыстырмалы түрде жылы өтеді. Алайда ауа температурасының күрт құбылуы және жауын-шашынның күшеюі жиі байқалмақ.

Синоптиктердің айтуынша, қыс мезгілі қалыптыдан жылы болады, ал жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында сақталады. Дегенмен кей кезеңдерде қалың қар, боран, қатты жел, көктайғақ және тұман жиіленуі мүмкін. Маусым бойы жылы күндер мен суық толқындар алмасып тұратын «температуралық тербелістер» күтіледі.

Желтоқсан

Болжам бойынша желтоқсан айы еліміздің көп бөлігінде әдеттегіден 1–2 градусқа жылы болады. Оңтүстік-шығыс өңірлерде температура климаттық көрсеткіштерге жақын сақталады. Жауын-шашын негізінен қар түрінде түседі, боран, тұман және жел күшейеді. Кей күндері оңтүстік циклондардың келуімен жаңбыр және сулы қар болуы ықтимал.

Айдың алғашқы онкүндігінде солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ең суық кезең күтіледі: түнде –23…–28°С, күндіз –13…–18°С дейін төмендеуі мүмкін. Екінші және үшінші онкүндіктерде ауа райы жұмсарады, бірақ шығыста түнгі температура –25…–35°С, күндіз –15…–20°С дейін суытуы ықтимал. Батыс пен оңтүстікте айдың басы жылырақ болса да, алғашқы онкүндіктің соңына қарай мұнда да суытады.

Қаңтар

2026 жылдың қаңтары, жалпы алғанда, климаттық нормаға сай келеді. Алайда шығыс өңірлерде ауа температурасы нормадан төмен болуы мүмкін. Жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде, бірақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың тау және тау бөктері аймақтарында оның көлемі артуы ықтимал.

Ақпан және наурыз

Ақпан мен 2026 жылдың наурызы жылы болады, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде сақталады. Наурызда оңтүстік және оңтүстік-шығыстың тау және тау бөктері аймақтарында жауын-шашынның көбеюі болжанып отыр.

«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, қыс бойы жылымық пен аяздың алмасуы және мол жауын-шашын топырақ пен қар қабатында мұздану қаупін арттырады. Бұл 2026 жылғы көктемгі су тасқынына кері әсерін тигізуі мүмкін.