Маңғыстауда “декреттегі прокурор” алаяқтықпен сотталды

 Көлік прокуратурасының қызметкері 9 қарашада өзгеге қатысты қылмыстық іс бойынша шартты жаза тағайындатуға ықпал етіп беремін деп ақша талап етті деген күдікпен ұсталған еді. Енді ол ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 7 ай бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сотта анықталғандай, ер адам 2,5 миллион теңге сұраған. Ол жәбірленушіге мәселені шешуге мүмкіндігі бар екенін алға тартып сендірген.

Оны ұстау операциясын Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік қызметі ҰҚК департаментімен бірлесіп жүргізген.

Аталған істің негізгі фигурантынан бөлек тағы бір адамның қатысы бар екені белгілі болды. Тергеу оның осы жоспарға байланысты кей тапсырмаларды орындағанын анықтады. Кейін ол да сот алдында жауап берді.

Сот процесі барысында екі күдікті де кінәсін мойындады. Жәбірленушімен татуласуына байланысты екінші күдікті қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Ал негізгі айыпталушы ҚР ҚК-нің 24-бабы (қылмысқа оқталу) және 190-бабы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 7 ай бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды, – делінген хабарламада.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Маңғыстауда декретте отырған көлік прокуратурасының қызметкері алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.