Қазақстанда өндірістегі жазатайым жағдайлар саны азайып келеді

Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны азайып келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ел кәсіпорындарында 1 029 жұмыскер зардап шекті. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға аз. Оның ішінде, 145 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға төмен, – деді спикер.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталса, басқаларында, керісінше, төмендеп келеді. Атап айтқанда, Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында, Астана қаласында жарақаттану деңгейі 50%-ға азайды.
Жұмыскерлерді қорғау үшін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу практикасы қолданылады. Бүгінгі таңда 175 мың белсенді заңды тұлғаның 113 мыңы осындай шарттар жасасты, – дейді Мейрамбек Ахметов.




