Қазақстан дипломдары шетелде де мойындалатын болды

Қазақстан Мәжілісi 2011 жылы 26 қарашада Токиода ЮНЕСКО қолдауымен қабылданған “Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын” ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл конвенция аймақтағы елдер арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты арттыруға, дипломдар мен дәрежелерді мойындауды жеңілдетуге, сондай-ақ оларды бағалауда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Құжат аясында мүше мемлекеттер білім беру бағдарламаларында елеулі айырмашылықтар болмаған жағдайда басқа елдерде берілген жоғары білім біліктіліктерін ресми түрде тануға міндеттеледі.
Сонымен қатар әр мемлекетте жоғары білім туралы ақпарат беретін ұлттық ақпараттық орталықтар құрылып, білім беру жүйелері, аккредиттелген оқу орындары мен сапаны қамтамасыз ету тетіктері бойынша ақпаратпен тұрақты алмасу қамтамасыз етіледі.
Қазақстан ратификациялау кезінде бейресми оқыту үлгілері мен ішінара оқу курстарын тану мәселесіне қатысты бірнеше ескертпе енгізді.
Қазіргі таңда Токио конвенциясына Ауғанстан, Армения, Австралия, Қытай, Фиджи, Ватикан, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия сияқты 12 мемлекет мүше. Осылайша, қазақстандық дипломдар осы елдерде ресми түрде мойындалатын болады.




