Астанадағы тұрғын үйде лифт құлады: бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алды

Астанадағы «Арыстан» тұрғын үй кешенінде лифт жөндеу кезінде құлады. Бір қызметкер қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді. Полиция қылмыстық іс қозғады, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мен Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға куәгерлері түсірген видео әлеуметтік желілерде тарады.
Полицияның дерегінше, лифт кабинасында қызмет көрсетуші ұйымның қызметкерлері болған.
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифттің құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша тіркелді, – деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаменті.
Оқиға салдарынан бір адам қаза тапқан, тағы екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр, ал екіншісі көпжарақат бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Қазір полиция қызметкерлері лифттің не себепті құлағанын анықтап жатыр.




