Банктерді бюджет есебінен құтқару дәуірі аяқталды – Мәдина Әбілқасымова

Мәжіліс отырысында депутат Айдарбек Қожаназаров Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға банктердің ұжымдық жауапкершілігі мен жарна жинау тәртібіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өз сөзінде банктерді мемлекеттің есебінен үнемі құтқара беру тәжірибесін тоқтату қажеттігін айтты.

Біз үнемі айтып келеміз — банктерді мемлекеттің ақшасымен құтқару дәстүрін доғару керек. Қарастырылып жатқан заң бойынша банктер ортақ қорға өз ақшасымен жарна енгізуі тиіс. Яғни олар бюджетке үміт артып отыра бермесін деген қағида, – деді Қожаназаров.

Алайда депутат агенттік ұсынған “банк құлағаннан кейін жарна жинау” тәсілін сынға алды.

Қазіргі ұсынылып отырған модель – “әрекет етеміз” деген тәсіл, яғни банк құлаған соң ғана жарна жиналады. Бұл артта қалған, кеш іске қосылатын жүйе емес пе? Логикаға сай, қорға қаражатты алдын ала жинап, қауіп төнбей тұрып қауіпсіздік жастығын жасау әлдеқайда тиімді болар еді. Соңғы жиырма жылда мемлекет банктерге бірнеше триллион теңге көмек көрсетті. Ендеше алдын ала қорға жарна жинау – әділетті әрі тиімді шешім емес пе? – деп сұрады депутат.

Сондай-ақ ол жарна көлемінің әділдігіне қатысты мәселе көтерді.

Үлкен банктер мен енді ғана жұмысын бастаған шағын банктердің жағдайы әртүрлі. Сонда жарна бәріне бірдей ме? Неліктен жарна көлемі банк қызметінің тәуекелі мен нарықтағы үлесіне байланысты есептелмейді? Ал жиналған қаражатты кім басқарады? – деді Айдарбек Қожаназаров.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутаттың сұрағына жауап бере отырып, жаңа тетік банктердің ұжымдық және әділ жауапкершілігін қамтамасыз ететінін айтты.

Бұл механизм барлық банктерге, соның ішінде нарыққа жаңадан кіретін қаржы ұйымдарына да қолданылады. Жарнаның мөлшері әр банктің қызмет ауқымына қарай белгіленеді. Бұл әділ әрі пропорционалды тәсіл болады, – деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, енді мемлекет тек жүйелік маңызы бар банктерге көмек көрсеткен жағдайда ғана, ол қаражат міндетті түрде бюджетке қайтарылуы тиіс.

Бұдан былай мемлекет банктерді бюджет есебінен құтқармайды. Егер көмек көрсетілсе, ол қаражат салық төлеушілердің ақшасы болғандықтан, міндетті түрде республикалық бюджетке қайтарылады. Бұрынғыдай банктердің проблемалық активтерін номиналды бағамен сатып алу немесе субординирленген облигацияларды жеңілдетілген мөлшерлемемен беру тәжірибесі толығымен тоқтатылады, – деді Әбілқасымова.

Агенттік басшысы жаңа жүйенің ерекшелігін де түсіндірді.

Бұл механизм — алдын ала қор жинау емес, постфактум жинау жүйесі. Егер жаңа инвестор арқылы мемлекет банкті құтқарғаннан кейін жұмсаған қаражатты толық қайтара алмаса, банктер секторынан сол соманы пропорционалды түрде жинайтын механизм іске қосылады. Бұл қаражат Қаржы министрлігінің қазынашылық шотына түседі, – деді ол.

Әбілқасымованың айтуынша, алдын ала қор жинау тәжірибесі кейбір елдерде бар, бірақ ол банктер үшін қымбатқа түседі.

Егер қаражатты алдын ала жинасақ, банктердің өтімділігі мен капиталы азайып, нарыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан постфактум тәсілі банктер үшін де, мемлекет үшін де тиімді, – деп түйіндеді агенттік төрағасы.