Қазақстанда картоп бағасы қандай болады?

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы картоп бағасына қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер елдегі картоп бағасының тұрақтануына қатысты мәселені көтерді. Өткен маусымда елімізде картоп бағасының өсуі байқалғаны белгілі.

«Ол мәселе кешегі күнге дейін талқыланып келді. Алдағы уақытта да қандай да бір көкөністің, жеміс-жидектің дефициті, бағасы өсуі болуы мүмкін бе?» деп сұрады БАҚ өкілдері министрден.

Былтырғы жылы баға көтерілгенде, өздеріңіз білесіздер, сұраныс шет мемлекеттерден болуының салдарынан баға көтеріліп кетті. 600 мыңнан астам экспорт болды. Сондықтан біз ішкі нарықты жаба бастадық. Соны біле тұрып, біз биыл картоп салатын жердің санын көбейтіп, қосымша 200 млн 900 мың тонна картоп алып отырмыз, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол картоптың келісі қаншадан сатылып жатқанына тоқталды.

Бүгінгі күні баға шаруашылықта жергілікті жерде – 110-120-дан (келісін – ред.) сатып жатыр. Ал дүкендердегі орта баға 180-185 теңгеден болып тұр. Жалпы, баға осы күні тұрақты болуға тиісті. Жалпы, барлық егісті жинап алдық. Бұл жергілікті жерге байланысты. Сауда нүктелерінің барлығына хат жібердік. Сұраныс шеттен болғанда, баға көтеріле бастайды. Сол үшін ішкі нарықты толтырып, тұрақтандыру қорын жасап алуымыз керек. Сол кезде барлығы дұрыс болады, – деп жауап берді Айдарбек Сапаров.