Алматыда «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі» атты республикалық форум өтті

Бүгін Алматы қаласында Рухани келісім күніне арналған «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі» атты республикалық форум өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Дін істері басқармасы мен «Social Development Center» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Форумға мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, ғылыми қауымдастықтың және азаматтық сектордың өкілдері қатысты. Шара қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың рөліне арналған басты қоғамдық диалог алаңы ретінде өтті.

Форумның басты мақсаты – конфессияаралық диалог дәстүрлерін нығайту, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындыларын талқылау, сондай-ақ бейбітшілік, өзара құрмет пен толеранттылық идеяларын өңірлерде ілгерілету тәжірибесімен бөлісу.

Қатысушылар рухани келісім мен тұрақтылықтың қоғамдағы рөлі, цифрландыру мен жастар дүниетанымының өзгеруі жағдайында рухани құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады. Форумда сарапшылар дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне қарсы иммунитет қалыптастыру жөніндегі шараларды іске асырудың өзекті бағыттарына тоқталды.

Форумда Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, PhD докторы, Нұрлан Асанов – дінтанушы теолог, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, Santiago De Lasala Porta – Наварра университетінің (Испания) моральдық теология саласындағы PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Асқар Сабдин – Maqsut Narikbaev University Ислам және қазақ құқығы орталығының директоры, Елнар Берікбаев – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының стратегиялық талдау бөлімінің жетекшісі сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Форум аясында үш панельдік сессия өтті:

  1. «Ортақ болашақ жолындағы мемлекет, қоғам және діни бірлестіктердің әріптестігі» — дінаралық және қоғамдық серіктестік мәселелері талқыланды. Спикерлер қатарында Алматы қаласының бас имамы Оспан Төлеби Дәділұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бекжан Мейірбаев, пастор Алексей Лубошников, Карлос Замарро Лаоз (Рим-католик шіркеуі) және басқа да сарапшылар болды.
  2. «Жастар және рухани құндылықтар: ұрпақтар диалогы» — жастардың рухани бағыт-бағдары мен дәстүр сабақтастығы сөз болды.
  3. «Жасанды интеллект дәуірінде рухани бағдарлар» — технологиялық даму мен рухани тұрақтылық арасындағы тепе-теңдік тақырыбына арналды.

«Бүгінде цифрлық орта жаңа буынның дүниетанымын қалыптастырып жатқан кезде, қоғамды біріктіретін адамгершілік құндылықтарды сақтау ерекше маңызды. Рухани келісім – бұл абстрактілі ұғым емес, елдің тұрақты дамуының нақты негізі», – деді Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.

Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессияаралық келісімді нығайту саясатын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мемлекет этностар мен дәстүрлі діни мәдениеттердің сақталуы мен дамуына қолдау білдіріп, елдегі рухани әртүрлілікті және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.

Форум панельдік пікірталаспен аяқталып, қатысушылар өзара тәжірибе және идеялармен бөлісті.