400 мың теңге зейнетақы және тегін білім: Қытай қазақтарының өмірі

Шыңжаңның Құлжа қаласында бірнеше ұлт өкілі тұрады. Солардың бірі – Қабидолла Көкеш пен Құрметжан Мамеджан. Қазақ, ұйғыр, орыс, дүнген және тағы басқа ұлттардың өкілдері тұратын бұл өңірде олар ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрді сақтап, өз үйлерінде жергілікті және шетелдік туристерді қонақ етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандық журналистер құлжалықтардың үйінде қонақ болып, олармен тілдесуге мүмкіндік алды.

Екі азамат та өмір бойы әртүрлі салаларда еңбек етіп, қазір туристерді күтіп, жергілікті мәдениетті насихаттаумен айналысып отыр.

61 жастағы құлжалық Қабидолла Көкеш

Құлжа өңірінде туып-өскен, бүгінде зейнет жасындағы Алик Көкеш – көпұлтты әулет өкілі.

61 жастағы қандасымыз Қабидолла (Алик) Көкештің айтуынша, әкесі – қазақ, шешесі – орыс ұлтынан. Руы – найман.

Біз Шәушек жақтанбыз. Ол – Алтай мен Құлжа аралығындағы тарихи жер. Шәушек Семей мен Аягөзге жақын орналасқан. Әкемнің туыстары Қазақстанмен тығыз байланысты болған. Қазір де барып тұратын жақындарымыз бар, – дейді ол.

Өзі қазақ ұлтынан болғанымен, өмірлік жары ұйғыр ұлтынан. Ал отбасы мүшелерінің арасында қазақ, орыс, ұйғыр, дүнген секілді бес түрлі ұлттың өкілдері бар.

Көпұлтты отбасында өмір сүріп келеміз. Бұл біз үшін таңсық емес. Қайта бір-бірімізді толықтырып, сыйластықта өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол.

Қабидолла Көкештің екі қызы бар. Бірі Үрімжі қаласында, екіншісі Шанхайда жұмыс істейді. Балалары жоғары білім алған, түрлі мамандық иелері. Үлкен қызы Бейжіңде оқып, мемлекет есебінен оқу мен жатақханамен қамтамасыз етілген.

Бәрі жақсы білім алып шықты, – дейді қандасымыз.

Қазақстанда тұратын туыстарымен бұрын жиі араласып тұрған.

Қазір соңғы жылдары уақыт тығыз болып, жиі бара алмай жүрміз, – дейді ол.

Көкеш өмірінің көп бөлігін үкімет саласында өткізген. Кейін саудамен айналысып, зейнетке шыққан. Зейнетке шыққанға дейін мақта өңдеу зауытында жұмыс істеген.

Бізде “маубу” деген өнім шығатын. Ол – мақтадан тоқылған арнайы мата. Сондай өндірістерде жұмыс істедік, – дейді ол.

Қазір зейнеткерлік демалыста болса да, қол қусырып отырған жоқ. Құлжадағы туристік аймақта тұратындықтан, үйіне келген қонақтарды қарсы алып, қазақтың ұлттық дәмі мен Шыңжаң асханасының тағамдарын дайындап, қызмет көрсетеді. Қазір тұрып жатқан үйі оған әке-шешесінен мұра болып қалған.

Қонақ күту – біздің қанымызда бар. Келген адамға барымызды салып қызмет етеміз. Қазақтың етінен бастап, бауырсақ, қазы-қарта, тұздық – бәрін дайындаймыз. Жайлаудан сапалы мал сатып алып, өзіміз сойып, әзірлейміз, – дейді ол.

Сөзінше, барлы ұлт өкілінің ұлттық тағамын әзірлеу қолдан келеді.

Қабидолла Көкеш ағаның үйінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар болған.

Қазақстаннан да, Өзбекстаннан да, Америка мен Англиядан да саяхатшылар келіп тұрады. Тіпті Сингапурдан келгендер де болды. Құлжаның табиғатына, халқына, тағамына қызығушылық зор. Кейде бір күнде бірнеше делегация келеді. Алдын ала не жегісі келетінін айтса, дайындап қоямыз, – дейді ол.

Қабидолла Көкеш бірнеше тілді меңгерген. Қазақша, ұйғырша, қытайша еркін сөйлейді және аздап орысша біледі.

Құлжада қазақ көп. Сөйлесіп жүргеннен кейін тіл де ұмытылмайды. Қай ұлт келсе де, өз тілінде сөйлесуге тырысамыз. Қазақпен қазақша, ұйғырмен ұйғырша. Орыспен аздап орысша сөйлесе береміз, – дейді ол.

Құлжа – көпұлтты аймақ. Мұнда он үшке жуық ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді.

Айына бір-екі рет жиналып, шай ішіп, пікірлесеміз. Әр ұлттың дәстүрін сыйлаймыз. Бейбітшілік пен татулыққа ештеңе жетпейді. Бұл – біздің басты байлығымыз, – дейді Қабидолла Көкеш.

70 жастағы құлжалық Құрметжан Мамеджан

Құлжа өңірінде туып-өскен. Ол 61 жасында зейнетке шыққан. Қазір жерлесі Қабидолла Көкеш сияқты туристерді үйінде қонақ етіп, 4 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп отыр.

Мен өзім бұрын тұрақты комитетте жұмыс істегенмін. Сол жерден зейнетке шықтым. Қазір зейнеткер болғаныма тоғыз жыл болды. Балаларым – бәрі осы жақта тұрады. Өміріміз Құлжада өтуде. Жалпы алғанда, Құлжа дамып келеді, – дейді ол.

Бұл жақта қазақтар да, ұйғырлар да, қырғыз, дүнген, моңғол сияқты басқа да ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ауданда қазақтар көбірек тұрады. Өйткені бұл негізінен шаруа ауданы, мал шаруашылығымен айналысады.

Соңғы жылдары Қазақстаннан туристер де келіп тұрады. Бұрын тіпті күн сайын келетін. Қазір күз мезгілі басталып, ауа райы суытқасын, адамдар сирек келе бастады. Балалар мектепке барғаннан кейін отбасы болып шығу азайды. Әйтсе де, кейбірі келіп тұрады. Өзім кезінде бір күнде ондаған-жүздеген турист қарсы алып, күтіп, қонақ еткенмін. Олар келгенде өзіміз өсірген көкөністер – қызанақ, капуста, тағысын тағыларды алып кететін, – дейді ұйғыр.

Оның сөзінше, өңірдің таулары мен жерлерін көрсетіп, таныстырып отырады. Әрбір келген мейман көріп, жергілікті халықтың тұрмысына, мәдениетіне, салт-дәстүріне куә болады.

Балаларымыз жоғары білім алып жатыр. Бір қызым Үрімшіде оқыды, ұлым да сол жақта білім алды. Екінші қызым Бейжіңде оқыды. Үкімет оқуы мен жатақханасын толық көтерді. Одан кейін шөберем де Бейжіңде бес жыл оқыды. Бәрі жақсы білім алып шықты. Зейнетақыға келсек, өзім айына 6000 юань аламын. Әйелім 5000 юань шамасында алады. Екеумізге жетеді. Уайым жоқ. Қазір ел аман, жұрт тыныш. Ұрпақтарымыз өсіп, білім алып, жақсы өмір сүруде. Осыған шүкір дейміз, – дейді ол.

Құрметжан Мамеджанның үйі ұйғыр ұлтының дәстүріне сай жасалған. Тіпті қабырғаға ілулі тұрған түрлі ұлттың тақиясын көруге болады. Ауласында жүзім, қызанақ өседі.

Еске сала кетейік, қазақстандық бірқатар БАҚ өкілі Қытайдың Қазақстандағы елшігінің ұйымдастыруымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданын аралады.

Бұған дейін Қытай қазақтары қалай өмір сүретіні жайлы жаздық. Шыңжаң өңіріндегі қазақтар тілін, дәстүрін сақтап, заманауи қоғаммен қатар дамып келеді. Солардың бірі – Құлжа қаласында тұратын Іле қазақ автономиялық облысының Сыртқы істер кеңсесінің қызметкері Гүлнұр Кенжебекқызы. Ол BAQ.KZ тілшісіне Іледегі қазіргі жағдай, қазақтардың тұрмысы мен мүмкіндіктері жайлы әңгімелеп берді.