ТЖМ ақылды дрондардың көмегімен 43 адамның өмірін құтқарды

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларды бақылау және жою мақсатында жасанды интеллект (ЖИ) элементтері бар ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) белсенді қолдана отырып, өз қызметіне заманауи технологияларды кеңінен енгізуді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінің иелігінде 191 ұшқышсыз ұшу аппараты бар: 1 ұшақ түрінде, 4 гибридті және 186 мультироторлы түрінде. Оның ішінде 132 ҰҰА жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған, бұл ашық жерлерді фотоға түсіруді, бейнелерді өңдеуді және жоғалған адамдарды жоғары дәлдікпен іздеуді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 2025 жылдың басынан бері ТЖМ бөлімшелері ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып 2180 операция жүргізіп, нәтижесінде 43 адам құтқарылды. ҰҰА қолданудың негізгі бағыттарына аэровизуалды мониторинг, төтенше жағдайлар кезінде ақпаратты нақты уақыт режимінде беру, іздестіру-құтқару жұмыстары, төтенше жағдайлардың салдарын бағалау, өрт сөндіру, сондай-ақ алдын алу іс-шаралары жатады.

Жасанды интеллектті оптикалық және телевизиялық жабдықтармен біріктіре пайдалану биіктікте және алыс қашықтықта нашар көрінетін нысандарды — адамдарды, көлік құралдарын, кемелерді анықтауға және бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқиға орнында жергілікті жердің карталарын (ортофотожоспарларын) жасауға жол ашады. Бұл біртипті операцияларды орындауды едәуір жеңілдетіп, ден қою жылдамдығын арттырады.

 Ұшқышсыз ұшу аппараттары ТЖМ табиғи өрт ошақтарын, мұздақ көлдерді, су басу аймақтарын және басқа да төтенше жағдайларды аэровизуалды бақылауда көмектеседі. Олар оқиға ауқымын жедел бағалауға және құтқарушылардың әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар аппараттар гидротехникалық құрылыстардың, орман алқаптарының және қауіпті учаскелердің жай-күйін алдын ала бақылау, сондай-ақ дрондарға орнатылған дыбыстық жүйелері арқылы халықты құлақтандыру мақсатында да қолданылады.

Төтенше жағдайлар министрлігі ұшқышсыз ұшу аппараттарының паркін кеңейтіп, олардың функционалын заманауи технологияларды қолдану арқылы жетілдіруді жалғастыруда. Бұл төтенше жағдайларда қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жедел ден қоюға елеулі үлес қосады.