Министр: Балалардың әл-ауқатын қорғау – мемлекеттік саясатының басым бағыты

Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен онлайн форматта кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуге Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, сондай-ақ білім беру, инклюзия және балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін 170-тен астам үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және ведомствоның құрылымдық комитеттері, департаменттерінің басшылары қатысты.
Министр Жұлдыз Сүлейменова азаматтық қоғаммен өзара ынтымақтастық орнату үшін ашық диалог жүргізуге дайын екенін білдіріп, балаларды қорғау, оқыту және тәрбиелеу саласындағы бастамалардың табысты жүзеге асуы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен әрекетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыты болып саналады. Біз барлық күш-жігерімізді біріктіре отырып, әрбір баланың жақсы білім алып, қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуіне жағдай жасауды мақсат тұтамыз. Түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу, тәрбиелік шаралар өткізу және ата-ана мен қоғамның белсенді қатысуын одан әрі ынталандыру — біздің стратегиямыздың маңызды бөлігі, – деді министр.
Сондай-ақ, Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының қолдауымен білім сапасын арттыру, біртұтас тәрбие экожүйесін құру, педагогтердің мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды модернизациялау, инклюзивті білімді дамыту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар мектепке дейінгі тәрбиеден бастап қосымша білім мен инклюзивті орта құруға дейінгі түрлі мәселелер бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтар болсақ, жекеменшік мектептердегі білім беру процесі, балабақшаға ваучерлік қаржыландырудың пилоттық енгізілуі, арнайыландырылған мектептерде тұрмысы төмен отбасы балалары үшін квота үлесін көбейту, инклюзиялық білім беру, психолог-педагогтердің қызметі, мектеп инфрақұрылымы, буллинг, жетім балаларға қолдау көрсету, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселелері көтерілді.
Оның ішінде «Kazakh Tourizm» ҰК АҚ қоғамдық кеңесінің мүшесі Еркін Тікенов инклюзиялық білім саласында цифрландыру және салааралық үйлестіруде бірлесіп жұмыс жасауды ұсынды, Қосымша білім беру педагогтері қауымдастығының өкілі Әсел Темірханова әр өңірде қосымша білім беруге бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландырудың әртүрлілігіне шағымданды, Маңғыстау облысынан Надежда Вадодария инклюзивті білім беруде педагогтер үшін бірыңғай сабақ беру әдістемесін әзірлеуді ұсынды. «Нұрлы аналар» ҚҚ төрағасы Арай Сайдалина жағымсыз контенттен қорғау мақсатында балаларға арнайы SIM-карта шығаруды, Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығынан Марина Лаптева мектептердегі тамақтандыру бойынша өңірлерде барлығына ортақ есептеу формуласы болуы тиіс деген ұсыныс білдірді. Қостанай қаласының мүгедек балалардың аналарының «Радуга» қоғамдық бірлестігінен Наталья Колоскова үйден оқитын балалардың мәселесін көтерді.
Әрбір пікір мен ұсынысты мұқият тыңдаған министр оларға тұшымды жауап беріп, өтініштердің назардан тыс қалмайтынын айтты және тиісті құрылымдық бөлімшелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бірқатар мәселелер министрдің жеке бақылауына алынды. Семей және Атырау облыстарынан байланысқа қосылған тұрғындардың өтініштерін назарға алған Жұлдыз Сүлейменова өңірлерге жұмыс сапарлары барысында олармен жеке кездесуге дайын екенін жеткізді.
Жиын соңында Жұлдыз Сүлейменова азаматтық қоғам өкілдерін министрліктің Қоғамдық кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға және бірлесіп нақты бастамаларды іске асыруға шақырды.