Жанабыловтар ісі: Адвокат сот шешімін заңсыз деп атады

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша шешімге апелляция берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екеуі де Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Адвокат Олег Черновтың айтуынша, соттың Жанабыловтың әрекеттерінен заңсыз кәсіпкерлік белгілерін көруі негізсіз әрі Қылмыстық кодекстің 214-бабының мазмұнына сәйкес келмейді.
Ұтысқа қатысу құны да, қатысушылар саны да, жеңімпаздардың жеке есепшотына қаражат аудару фактісі де, ұтыстың аяқталмауы да қылмыстық құқықбұзушылықтың объективті белгілеріне кірмейді, – деді Чернов.
Оның айтуынша, 15 қыркүйекте шығарылған Жанабылов пен оның жұбайы Толегеноваға қатысты қаулылар іс жүзінде бірдей, бірақ оларды әртүрлі судьялар қараған.
Мәтіндердің 90 пайызы тыныс белгілеріне дейін бірдей. Сонда сот қандай дәлелдерге сүйенді деген заңды сұрақ туындайды. Себебі істе тек толтырылмаған хаттама мен хаттамаға қатысы жоқ бірнеше скриншот қана бар еді, – деді адвокат.
Черновтың айтуынша, әкімшілік хаттама толтыру барысында өрескел процессуалдық бұзушылықтар орын алған. Оның қорғауындағы азаматтарға құқықтары түсіндірілмеген, құжаттың көшірмесі берілмеген және өз түсініктемелерін ұсынуға мүмкіндік жасалмаған.
Осындай “бұзушылықтар жиынтығы” құқықбұзушылық құрамы болған күннің өзінде сотқа оларды кінәлі деп тануға мүмкіндік бермейтін еді. Оның орнына сот істе жоқ қылмыстық белгілерге сілтеме жасаған, – деп атап өтті ол.
Адвокат апелляциялық алқадан Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулыларын жоюды және істі тоқтатуды сұрады.
Сонымен қатар, ол хаттама толтыру кезінде заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалардың әрекеттерін заңсыз деп тану және оларға қатысты жеке қаулы шығару туралы өтініш білдірді.
Еске салсақ, әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан “Жанабыловтар ісі” қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.