Құрылыс саласы толық цифрландырылады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексінің жобасындағы маңызды жаңалықтарды бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласына бірқатар нақты тапсырмалар берген. Солардың ішіндегі басты міндеттердің бірі – жыл соңына дейін құрылыс саласындағы барлық процестерді толық цифрландыру және бұл бағытта Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу.

Қазіргі таңда салада бірнеше ақпараттық жүйе жұмыс істейді:

  • Жоспарлау мен ғимараттарды бұзу процесі – АИС ГГК (ГосГрадКадастр);
  • Мемлекеттік сараптама – e-PSD жүйесі;
  • Құрылыс кезеңі – e-Qurylys жүйесі.

Алайда бұл жүйелер өзара бөлек жұмыс істейді, үйлесімділік жоқ. Осы олқылықтарды жою мақсатында жаңа Кодекс жобасында цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп, бұл жеке бағыт ретінде қарастырылған. Жобада Мемлекеттік ақпараттық модельдер банкін (ГБИМ) кеңейту негізінде Бірыңғай құрылыс порталы құру көзделіп отыр. Бұл портал құрылыс саласындағы барлық қызметтерді “бір терезе” қағидаты бойынша ұсынады, – деді министр.

Порталда барлық дербес жүйеге сілтемелер болады, ал EGOV жүйесі арқылы бірыңғай авторизация енгізіліп, қолданушыларға деректерді бір рет қана енгізуге мүмкіндік беріледі. Осылайша, әр жүйеге бөлек кіру қажеттілігі жойылады.

Ақпарат алмасу үшін бірыңғай идентификатор – нысанның жеке сәйкестендіру нөмірі (УНО) қолданылады. Бұл нөмір нысанға алғашқы рұқсат берілген кезде бекітіледі.

Нәтижесінде портал құрылыс нысанының барлық кезеңдерін қамтып, құрылыс жұмыстарының ашықтығы мен сапасына ерекше назар аударады.

Сонымен қатар, портал арқылы сала мамандарын тестілеу, сертификаттау және олардың реестрі автоматты түрде жүргізіледі.

Еске салсақ, Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексі таныстырылды. Жаңа заңға сай елімізде енді жер сілкінісіне төтеп беретін ғимараттар салынады.