Онлайн-казиноны жарнамалаған блогерлер сотталуы мүмкін

Қаржы мониторингі агенттігі онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, әлеуметтік желілерде онлайн-казино жарнамалап жүрген блогерлердің әрекетіне назар аудару қажет. Сондай-ақ ол агенттік осындай жарнама жасаған 37 адамды анықтағанын, олардың 18-і әкімшілік жауапкершілікке тартқанын айтты.
Қазіргі жағдайда онлайн-казино жарнамасына тікелей жауапкершіліктің болмауы мәселені ушықтырып отыр. Қолданыстағы әкімшілік айыппұлдар да (ӘҚБтК-нің 455-бабы, 1-бөлігі — заңмен тыйым салынған қызметті жарнамалау) алынған табыс көлемімен салыстырғанда өте төмен, – деп атап өтті агенттік өкілі.
Сонымен қатар ол онлайн-ойындарды жарнамалағандарды қаржы пирамидаларымен бірдей қылмыстық жауапкершілікке жүктеу қажет деп есептейді.
Мысалы, жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері — 60 айлық есептік көрсеткіш, жеке кәсіпкерлер үшін — 300 АЕК. Осыған байланысты біз онлайн-казино жарнамасы үшін қаржы пирамидаларына ұқсас қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынамыз. Онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділіктің басты себептерінің біріне айналып отырғанын ескере отырып, бұл бастаманы қолдауды сұраймын, — деді Қайрат Бижанов.