Екібастұзда энергетика мен цифрландыруды тоғыстыратын экожүйе құрамыз – шетелдік инвестор

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумы аясында Қазақстан мен Гонконгтың 3D Global Limited компаниясы Екібастұз ЖЭО-ның көмірмен жұмыс істейтін энергия өндіру қуатын жаңғырту және кеңейту жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжаттың басты мақсаты – энергияны көп қажет ететін есептеулерді тұрақты қамтамасыз ету. Осыған орай, BAQ.KZ тілшісі 3D Global Limited компаниясының бизнес жөніндегі директоры Еши Дафни Янгпен сұхбаттасты.
– Халықаралық инвестор ретіндегі рөліңіз қандай?
– Біз Қазақстанға электр станцияларын жаңғыртып, кеңейту үшін негізгі инвестор ретінде келдік. Екібастұздағы ЖЭО-ны таңдағанымыздың бір себебі – оның әлеуетіне сенуіміз, екіншісі – бұл станцияға бірнеше рет барып, қазіргі басқару және операциялық топтың кәсібилігіне жоғары баға бергеніміз. Біз үшін адами капитал кез келген материалдық активтен әлдеқайда құнды. Сондықтан кәсібилік пен әлеуетті ескере отырып, дәл осы нысанды таңдадық. Бұған қоса, энергетикалық инфрақұрылым – болашақтағы цифрлық дамудың іргетасы. Біз Қазақстанның цифрлық болашағына сенеміз.
– Жобаның негізгі мақсаттары мен міндеттемелері қандай?
– Біз бұл жобаны тек дәстүрлі энергетикалық инфрақұрылым ретінде емес, сонымен қатар Қазақстандағы цифрландыруға ықпал ететін жоба ретінде көреміз. Әлеуметтік жауапкершілік аясында кірістеріміздің бір бөлігін ұлттық жасанды интеллектіні дамытуға қолдау көрсететін венчурлық қорларға қайта инвестициялауға дайынбыз. Сонымен бірге, Қазақстандағы «нақты активтерді токенизациялау» бағдарламасына қатысатын пилоттық жоба болуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «таза көмір» технологиясын енгізіп, автоматтандырылған цифрлық басқару жүйесін орнату жоспарда бар.
– Жоба Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымына ұзақ мерзімде қалай әсер етеді?
– Біздің мақсатымыз – дата-орталықтардың негізгі тірегіне айналу және майнинг индустриясын қолдау. Қазақстанда майнинг саласын реттеу жақсарып келеді, сондықтан жаңа ойыншылар үшін қолайлы орта қалыптасуда. Ал біздің инфрақұрылым оларға тиімді әрі үнемді тариф ұсына алады. Біз энергетика секторын цифрландыру және цифрлық даму саласымен біріктіретін толыққанды экожүйе құрғымыз келеді.
– ЖИ мен энергияны көп қажет ететін жүйелер үшін тұрақты қуат көздерінің маңызы қандай?
– Бұл – аса маңызды мәселе. Майнингте тұтынушылар өздері энергияны реттей алады. Ал ЖИ дата-орталықтары үшін энергия үздіксіз берілуі қажет, яғни 99,99% тұрақты болуы шарт. Біздің станция бұл талапты толық орындайды. Оның үстіне, станцияда жылу жүйесі де бар. Қазіргі таңда инвесторлар жылу жүйесіне араласпай отыр, бірақ біз бұл станция тек цифрлық даму үшін ғана емес, жергілікті қоғам үшін де әлеуметтік жауапкершілік атқаратынын жақсы түсінеміз.
– Алдағы жылдары ЖИ мен дата-орталықтарға энергия сұранысы қаншалықты артады деп ойлайсыз?
– Станциямыз бастапқыда 50 мегаватттан бастайды, кейін оны 300-350 мегаваттқа дейін ұлғайту жоспарда бар. Бұл көлем алдағы 3–5 жылда Қазақстандағы жасанды интеллект, дата-орталықтар және майнинг индустриясының дамуына жеткілікті болады деп санаймын.
– Жасыл энергия мен дәстүрлі көмір генерациясының тепе-теңдігін қалай сақтауға болады?
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазіргі жағдайда Қазақстан электр желісін әлі жетілдіруі тиіс. Сондықтан «таза көмір» технологиясы жасыл энергияға қарағанда тиімдірек әрі сенімдірек болып тұр. Әсіресе, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы үшін қажет.
– Жоба аясында қандай жаңа технологиялар енгізіледі?
– Ең бастысы – «таза көмір» технологиясы. Сонымен бірге, жобаны токенизация бойынша пилоттық алаңға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл заң шығарушылар мен қаржы институттарына тәжірибе беріп, Қазақстанда токенизация саласының құқықтық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Халықаралық инвесторлардың Қазақстандағы энергетикалық жобаларға қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Халықаралық инвестор ретінде біз алдыңғы қатарлы технология мен заманауи жабдық әкелеміз. Біздің компанияның өзінің инженерлік-конструкторлық тобы бар, бұл – қосымша артықшылық. Сонымен қатар, шетелдік капитал тартуға да әлеует бар.
– Инвестициялық тәуекелдерді азайту үшін қандай шаралар қажет?
– Ең алдымен мемлекеттік органдардың, министрліктердің, жергілікті биліктің және корпоративтік серіктестердің қолдауы аса маңызды. Бұл – кез келген инвестицияның табысты болуының басты кепілі. Біз тиісті органдармен инвестициялық келісімдер жасауға дайынбыз.
– Сіздердің өзге елдерде осындай жобаларды жүзеге асырған тәжірибелеріңіз бар ма?
– Иә, бар. Қытайда тоғыз белсенді электр станциямыз жұмыс істеп тұр, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияда да индустриялық парктермен бірге жобаларымыз бар. Қазақстанның ерекшелігі – жердің қолжетімділігі және өсу әлеуеті. Мұнда цифрландыру, майнинг, деректерді өңдеу, ЖИ модельдеу, тіпті спутниктік индустрия сияқты салаларға энергия да, жер де қажет. Сондықтан Қазақстанды жоғары технология болашағы зор ел деп санаймыз.
– Бұл жоба жергілікті халыққа қандай әлеуметтік және экономикалық мүмкіндік береді?
– Біз жергілікті мамандарды оқытып, жаңа технологияларға бейімдеуді жоспарлап отырмыз. Ескі станцияларда қауіпсіздік мәселелері туындайды, ал жаңа жабдықтар қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясын енгізу арқылы өзге станциялар да бізден үйреніп, көмірді өңдеудің тиімді тәжірибесін қолдана алады. Бұл жергілікті қауымға әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан үлкен мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет!