Шығыс Қазақстанда аю қаптады: Енді ату шегі көбеюі мүмкін

Шығыс Қазақстан облысында қоңыр аюлардың саны 4,5 мыңға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Сенаттың кулуарында берген сұхбатнда мәлімдеді.

Экология министрлігінің деректеріне сәйкес, жыл сайынғы популяция өсімі шамамен 50%-ды құрайды. Ведомство келесі жылы аюларды ату лимитін арттыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Вице-министрдің айтуынша, ШҚО-да әзірге аюдың адамға шабуыл жасаған жағдайы тіркелмеген. Дегенмен шалғай ауылдық округтерде малға шабуылдау деректері кездесті.

Мұндай жағдайларда жануарлардың санын реттеу қарастырылған. Шығыс Қазақстан облысында әкімдік жанында арнайы ұйым жұмыс істейді, ол аюларды атуға құқылы. Олардың қызметтік қаруы мен осындай шараларды жүргізетін жедел топтары бар. Ұқсас жұмыс қабандар мен қасқырларға қатысты да жүргізіледі, себебі бұл – реттелетін түрлер, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол атуға арналған лимит жыл сайын жануарлардың санын есептеу және биологиялық негіздеме бойынша бекітіледі. Бұл деректерді аңшылық шаруашылықтары мен «Охотзоопром» мемлекеттік ұйымы жинайды.

Аюлардың жыл сайынғы өсімін біз шамамен 50% көлемінде бағалап отырмыз. Қазір Шығыс Қазақстанда шамамен 4,5 мың қоңыр аю бар. Сондықтан келесі жылы лимиттердің артуы әбден мүмкін, – деді Шәрбиев.

Белгілі болғандай, малға шабуылдау жағдайлары тіркелгенімен, олар жаппай сипат алмаған. Еске салайық, бұған дейін сенатор Қайрат Тастекеев Риддер көшелерінде аю жүргенін айтып, дабыл қаққан болатын. Қазақстанда қызыл қасқыр мен қар барысы жойылып кетуі мүмкін екенін айта кетейік.