Түркістан облысында мұғалімдер жалған сабақтар үшін 4,2 млн теңге алған

Сарыағаш ауданында ерекше білім беру қажеті бар балаларға үйде сабақ жүргізілмегеніне қарамастан, мұғалімдерге еңбекақы төленгені анықталды. Прокуратура заңсыз төлемдерді бюджетке қайтаруға және 311 қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартуға бағытталған шаралар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тексеру барысында аудандағы 23 мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 64 балаға үйде сабақ іс жүзінде өткізілмеген, алайда мұғалімдерге еңбекақы төленіп келгені анықталды.

“D.MED” жүйесі арқылы бұл балалардың еліміздің әр өңіріндегі ауруханаларда ұзақ уақыт бойы ем қабылдағаны және үй жағдайында білім алу мүмкіндіктерінің

болмағаны белгілі болды. Соған қарамастан, мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін төлемдер жасалған. Мысалы, №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы емдеуде болғанына қарамастан, мұғалімдер оны “оқытқаны” үшін 319 101 теңге алған. Жалпы заңсыз төлем көлемі 4 255 997 теңгені құрады, – деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде бұл қаражат бюджетке қайтарылып, білім беру саласының 311 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.