Қазақстандықтар жаңа қорғаныс деңгейі бар паспорттар ала бастады

Қазақстанда HDM-қорғаныс элементі бар жаңа үлгідегі паспорттар беріле бастады. Барыс бейнесі бар голографиялық белгі деректердің қауіпсіздігін арттырып, құжатты қолдан жасаудан қорғайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда заманауи қорғаныс элементімен жабдықталған жаңа үлгідегі паспорттар беріле бастады.
Шілде айының ортасынан бастап азаматтарға HDM-элементі енгізілген құжаттар рәсімделуде. Бұл – голографиялық пленкаға түсірілген барыстың бейнесі бар жоғары айқындықтағы металлизация. Жаңа қорғаныс белгісі паспорттың және азаматтығы жоқ тұлға куәлігінің екінші бетіне орналастырылады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл жаңалық жеке деректердің қауіпсіздігін арттырып, құжаттарды қолдан жасау әрекетінің алдын алуға бағытталған. Элементті көзбен оңай анықтауға болады және ол құжаттың қорғанысын едәуір күшейтеді.
Бұған дейін берілген паспорттар өз күшінде қала береді және олардың ауыстырылуы міндетті емес. Жаңа үлгідегі паспортты тек ескі құжаттың мерзімі аяқталған кезде, бүлінген жағдайда немесе жеке қалауыңыз бойынша алуға болады.
Жаңашылдық іске қосылған сәттен бастап 5 мыңнан астам азамат жаңартылған құжат алып үлгерген. Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша көші-қон қызметтеріне немесе ХҚКО-ға жүгінуге болады.