Ақмола облысында Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Ақмола облысында «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» атты Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, онда өңірдің үздік еңбеккерлері, еңбек әулеттерінің өкілдері, тәлімгерлер мен жас мамандар марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қатысушыларға құттықтау сөзін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова арнап, еңбекті құрметтеудің, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың және жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін маңызды қадам болып табылады. Жұмысшы мамандықтарының маңызы зор, себебі олар мемлекет дамуына, өндірістік және техникалық саладағы прогреске тікелей әсер етеді. Бүгін біз өңіріміздің дамуына жанқиярлық еңбегімен үлес қосып жүрген жандарға шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді әкімнің орынбасары.
Шара аясында облыс әкімінің алғыс хаттарымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбеккерлер марапатталды. Олардың қатарында еңбек өтілі 30 жылдан 50 жылға дейінгі механизаторлар, жүргізушілер, диспетчерлер, дәнекерлеушілер, тігіншілер, тас қалаушылар және басқа да жұмысшы мамандықтарының өкілдері бар.
Ерекше назар халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге жеткен Ақмола облысының қос сырқышына аударылды. Олар – «Соколовтар Сыроварнясының» негізін қалаушы, халықаралық Le Mondial du Fromage байқауының алтын жүлдегері Руслан Соколов және «Буратта» сыроварнясының негізін қалаушы, аталған байқаудың алтын жүлдегері Эльвира Мұқашева.
Сонымен қатар, республикалық «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің қорытындылары жарияланды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясында Левковтар әулеті жеңімпаз атанса, жастарға үлгі боларлық үздік тәлімгер ретінде Несібелді Жүсіпова танылды. Өндірістегі үздік жас қызметкер атағын Аяжан Жамкенова иеленді.
Іс-шара барысында әлеуметтік жауапкершілік, еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктері үшін ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында республикалық «Парыз» конкурсының өңірлік кезеңі жеңімпаздары марапатталды.
Әлеуметтік маңызы бар және экологиялық бастамаларды енгізіп жүрген кәсіпорындар да алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында «Степногор тау-кен химия комбинаты» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС, «Спасское-Агро» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС және басқа да компаниялар бар.
Мереке Ақмола облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.