5G Қазақстанда: Операторлар базалық станцияларды орнатуды жеделдетеді

Қазақстанның республикалық маңызы бар қалаларында және облыс орталықтарында 2025 жылдың соңына дейін 3 500-ден астам 5G базалық станциясы орналастырылуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оған қатысты жобалық бұйрық “Ашық нормативтік құқықтық актілер” порталында жарияланған.
Құжатқа сәйкес, байланыс операторлары заңнама талаптарына және абоненттермен жасалған келісімшарттарға сай қызмет көрсетуге міндетті.
5G ұялы байланысын енгізу мақсатында Министрлік 2022 жылғы 22-23 желтоқсанда жиілік диапазонын беру үшін конкурстар (аукциондар) өткізді. Осылайша, жеңімпаз операторлар жиіліктерге рұқсат түрінде лицензия алды және міндеттемелерді өз мойнына алды. Міндеттемелерге сәйкес, 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы және облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Осыған байланысты байланыс операторлары 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 3,5 мыңнан астам 5G базалық станцияларын орнатуды жоспарлап отыр, – делінген құжатта.
Жобаны қоғамдық талқылау 2025 жылғы 29 қыркүйекке дейін жалғасады.