30 мың адамның 99 пайызы қоқыс сұрыптау зауыттары барын білмейді – Мұхамеджанов

Қазақстан Азаматтық альянсы ұйымдастырған Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелде ECO Network және ECO Hub жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов халықтың экологиялық сауаты мен экостандарттарды кез келген ұйым енгізе алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз тікелей 30 мың адамнан сауалнама алдық. Олардың 99 пайызы “ешқашан қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу зауыттары туралы естіген жоқпыз” деп жауап берді. Олар мұны жалған ақпарат деп есептейді. Ал елде ондай 100-ден астам зауыт бар. Біз солар туралы ақпаратты жеткізіп, бұл олқылықты жауып жатырмыз. Кейбір зауыттар 20 жылдан аса жұмыс істегенімен, адамдар олар туралы мүлде білмейді, – деді ол.
Евгений Мұхамеджанов бүгінде кез келген ұйым экостандарттарды енгізе алатынын айтты.
Біз енгізіп жүрген “жасыл кеңсе” бағдарламасы тек ірі, биржада тіркелген бизнес үшін емес. Біздің өнімдерді пайдаланатын, 5-10 адамнан тұратын көптеген компаниялар бар. Сонымен қатар, біз банктердің және IT компаниялардың көпшілігін біріктірдік. Түрлі сектордан, тіпті өндірістен көптеген шағын компаниялар қатысып жатыр. Осы арқылы біз адамдардың талпыныс білдіретінін көрсеттік. Бәрі адамдардың саналы болуына тәуелді, – деді ол.
Сондай-ақ ECO Network және ECO Hub жобасының негізін қалаушы Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан аясында экологиялық ағартудың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет екенін, яғни мектептен бастап университетке дейін бірыңғай экологиялық білім болуы тиіс екенін тағы да атап өткенін жеткізді.