Жүкті келіншектердің жәрдемақысын заңсыз көбейткен әйел сотталды

Шымкенттік 29 жастағы әйел әлеуметтік төлемдерге қатысты алаяқтық жасағаны үшін сот үкіміне ілікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Жанат Дүйсенова 21 келіншектің жүктілік пен босануына байланысты жәрдемақысын заңсыз түрде өсіріп, мемлекетке шамамен 22 миллион теңге шығын келтірген.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») және 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру») бойынша кінәлі деп таныды.

Тергеу мәліметінше, Дүйсенова 2024 жылдың сәуірінен желтоқсан айына дейін 40 кәсіпкердің цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, әйелдерді жұмыспен қамтылған деп көрсеткен. Нәтижесінде олар іс жүзінде еңбек етпесе де, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын заңсыз алып отырған.

Осы уақыт аралығында ол 21 әйелдің атына әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы аударымдарын рәсімдеп, 21 809 917 теңге көлемінде шығын келтірді, – делінген сот материалдарында.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, қаражаттың бір бөлігін пәтерге алғашқы жарна ретінде жұмсағанын айтқан. Бұл іс бойынша жәбірленуші тарап болып танылған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әйелді кешіргенімен, сот заңды бұзғаны үшін жауап беруге тиіс екенін еске салды.

Сот үкімі бойынша Жанат Байділлақызы Дүйсеноваға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, мемлекетке келтірілген залалды шамамен 22 миллион теңгені өтеуге міндеттелді. Айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескерген сот жаза мерзімін 3 жылға қысқартты. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.