Министрден кеңес: 85 мың теңгеден көп табыс табу үшін не істеу керек?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аз жалақымен шектелмей, қалай табысты көбейтуге болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, ең басты жол – үздіксіз білім алу және кәсіби дамуға ұмтылу. 85 мың теңге жалақымен шектелмес үшін не істеу керек? Кеңес біреу-ақ. Ең алдымен – оқу керек. Сосын – еңбек етіп, біліктілікті арттыру қажет. Осылайша жоғары жалақысы бар жұмысқа көшуге мүмкіндік туады, – деді Светлана Жақыпова.

Сонымен қатар министр кей жағдайда адамның объективті себептермен жұмыс істей алмайтынын, мысалы, бала күтіміне байланысты демалыста немесе денсаулығына байланысты уақытша жұмыссыз болуы мүмкін екенін атап өтті. Мұндай жағдайларда мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Осындай санаттағы азаматтарға арнайы жәрдемақылар төленеді. Қажет болған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек те тағайындалуы мүмкін,- деді министр. Светлана Жақыпова азаматтарға қиын жағдай туындаған кезде тиісті мемлекеттік органдарға жүгініп, қандай құжаттар қажет екенін анықтап, заңды көмекті уақытында алу маңызды екенін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 329 мың адамның айлығы 85 мың теңгеден аспайтынын хабарлаған болатынбыз.