Қарыздан құтылудың үш жолы: Кім өзін банкрот жариялай алады?

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардың банкроттық рәсімін қолдану барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитеттің редакциямызға берген ресми жауабына сәйкес, қолданыстағы заң бойынша жеке тұлғалардың қарыз мәселесін шешудің үш жолы бар:
- соттан тыс банкроттық;
- сот арқылы банкроттық;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттық
Бұл рәсім қарыз көлемі 1 600 АЕК-тен аспаған жағдайда қолданылады. Өтінішті ХҚКО арқылы, eGov.kz порталында немесе eGov Mobile қосымшасында беру мүмкіндігі бар. Рәсімнің ұзақтығы – 6 ай. Осы мерзім аяқталғаннан кейін азаматтың аталған қаржы ұйымдары алдындағы қарыздары тоқтатылады.
Заң күшіне енгеннен бері 39,9 мың азамат соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы қарыздан босатылған.
Сот арқылы банкроттық
Қарыз 1 600 АЕК-тен асқан жағдайда немесе басқа берешектер бойынша (сомасына қарамастан), сондай-ақ мүлік болғанда азамат сот арқылы банкроттық рәсімін қолдана алады. Бұл жолмен банкрот деп танылғандар саны – 236 адам.
Алайда, банкроттықтың салдары бар:
- 5 жыл бойы несие алу мүмкін болмайды;
- 7 жыл өтпей қайтадан банкроттық рәсімін қолдануға рұқсат жоқ;
- 3 жыл ішінде қаржылық жағдай тексеріледі.
Дегенмен, басқа шектеулер жоқ. Яғни, қарыздан құтылған азамат жұмыс істеп, табыс таба алады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру
Бұл рәсім берешекті 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Артықшылығы – азамат “банкрот” мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкроттықтың салдары қолданылмайды. Қазіргі уақытта мұндай рәсімге 213 адам жүгінген, олардың 27-сінің төлем жоспары бекітілген.