Қазақ мұнайының тарихы: Қарашүңгілден жаһандық нарыққа дейін

Жыл сайын қыркүйектің бірінші жексенбісінде Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің күні – елді энергия ресурстарымен қамтамасыз етіп, өнеркәсіпті дамытып, ұлттық экономиканы нығайтуға үлес қосып жүрген мыңдаған маманның еңбегіне көрсетілген құрметтің символы. Бұл – өз тағдырын мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстырған геологтар мен бұрғылаушылардың, әзірлеушілер мен құрылысшылардың, тасымалдаушылардың, технологтардың кәсіби күні. BAQ.KZ тілшісі ХІХ ғасырдан бастау алған қазақ мұнайының тарихына шолу жасап көрді.

Алғашқы қадамдар: мұнай мен газ кеніші

Қазақстандық мұнай саласының тарихы 1899 жылдың күзінде Қарашүңгіл кен орнында қазақстандық мұнайдың алғашқы кен орны ашылған XIX ғасырдың аяғынан бастау алады. Қазақстанның газ өнеркәсібін отын-энергетика кешенінің басқа салаларымен салыстырғанда өте жас сала деп атауға болады. Ол өткен ғасырдың 70-ші жылдарында ғана белсенді дами бастады. Бүгінде Қазақстан көмірсутектер қоры бойынша әлемнің жетекші елдерінің бірі. Әрі мұнай мен табиғи газ бойынша жаһандық рейтингтерде тұрақты орын алады.

Адамдар – саланың басты капиталы

Саланың өзінде бірнеше ұрпақ бойы мұнай немесе газ саласында еңбек етіп, кәсіби дәстүр мен тәжірибені мұра етіп қалдыратын еңбек әулеттері берік орныққан.

Сондай-ақ елімізде мұнай-газ саласының қызметкерлерін мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жұмысшы мамандық иелерін, соның ішінде мұнай және газ саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар қолданылады. 2024 жылы жеңілдікті шарттар бойынша “Наурыз жұмыскер” тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар, Атырау және Маңғыстау облыстарында мұнай компанияларының қызметкерлері үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша жобалар іске асырылуда.

Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламалары дамуда.

Экономикалық үлес

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай-газ саласында елдегі жалпы жұмыспен қамтылғандардың шамамен 12,3%-ы немесе 1,1 миллион адам еңбек етеді. Бұл Қазақстанның еңбек нарығы үшін аталған саланың маңыздылығын айқындайды. ҚР ҰСБ деректеріне сүйенсек, саладағы орташа айлық жалақы 2025 жылдың I тоқсанында 17,3%-ға өсіп, 1,7 млн теңгені құрады.

Қазақстан – әлемдік көшбасшы

Bloomberg деректері бойынша, Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 12-орынды алады (2024 жыл). Оның қоры 30 млрд баррельді құрайды.

British Petroleum мәліметтеріне сүйенсек, біздің елімізде дәлелденген табиғи газ қорларының көлемі 2,3 трлн текше метрді (әлемдік қорлардан 1,2%) құрайды, бұл оны әлемдік рейтингте 15-орынға қояды (2024 жыл).

Республикада 172 мұнай-газ кен орны орналасқан, қазіргі уақытта олардың 80-нен астамы игерілуде. Негізгі мұнай-газ кен орындары Батыс Қазақстанда орналасқан. Олар Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған, Өзен және Жетібай кен орындары.

2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі:

  • 87,7 млн тонна;
  • мұнай өңдеу – 17,9 млн тонна;
  • негізгі мұнай өнімдерін өндіру – 14,5 млн тонна;
  • газ өндіру – 59 млрд м3;
  • сұйылтылған мұнай газын өндіру – 3 млн тонна;
  • мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру – 540 мың тонна;
  • электр энергиясы – 117,9 млрд кВтсағ;
  • ЖЭК – 7,58 кВтсағ.

Әлемдік трендтер

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шикізаттық экономикалық модельден бас тартып, терең өңдеуге көшу қажет, әрі бұл жол баламасыз.

Осыған байланысты Үкімет ЭЫДҰ немесе G20 дамыған елдерінің мысалында экономиканың шикізат моделінен мұнайды терең өңдеуге біртіндеп көшуді бастады. Бұл жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері және ел экономикасының аралас салаларына ықпалы есебінен мұнай-газ кешенінің үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Экономикалық өсу және жұмыспен қамту, индустрияландыру және инновация, тұтыну мен өндірістің ұтымды модельдері, көліктен шығарындыларды азайту жолға қойылды.

Ақтау битум зауытының қуаты 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылып, жол-құрылыс саласы толық қамтамасыз етілді. Шымкент, Павлодар және Атырау МӨЗ-дерін қазіргі заманғы конфигурация бойынша 18-ден 29 млн тоннаға дейін кеңейту жобалары дайындалуда. Бұл К5 экологиялық мотор отыны мен халықаралық Jet А-1 авиаотынының өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Болашақта аралас МӨЗ-МХК қуаттылықтары мен ғылыми-зерттеу институтын құру қарастырылуда. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2050 жылға дейін мұнай өнімдеріне тұрақты сұраныс сақталады, ал Қазақстан халқы 27 млн адамға жетеді. «Goldman Sachs» елдің ЖІӨ өсімін және мұнай өңдеу саласының даму әлеуетін растауда. Инвестиция тарту мүмкіндігі 15-19 млрд доллар деп бағалануда.

Экономикаға қосқан үлесі

Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасының (EITI) деректері бойынша 2021 жылы мұнай-газ секторы Қазақстанның ЖІӨ-нің 14,1%-ын және барлық салық түсімдерінің 43%-ына жуығын қамтамасыз етті.

Қазақстанның Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,7%-ға артық. Өсім Теңіз кен орнындағы өндіру көлемінің артуымен және Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарын игерудің жалғасуымен байланысты.

Экология және тұрақты даму

Қазақстанның мұнай-газ саласында соңғы жылдары экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға бағытталған елеулі өзгерістер байқалуда.

Негізгі жетістіктердің бірі – газды алауда жағу көлемінің 75%-ға қысқаруы болды, бұл шығарындылар деңгейін едәуір төмендетуге және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы жауапкершілікті растауға мүмкіндік берді.

Қазақстан спутниктік технологиялар арқылы метан таралуын бақылауды дамытып, ірі ластаушы көздерді жойды. Бұл мыңдаған автокөлік шығарындыларын азайтумен тең нәтиже берді. Осы орайда 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға қысқарту көзделген. Қазақстан саланы дамытуда кешенді тәсілді көрсетіп, экономикалық мүдделерді экологиялық міндеттемелермен ұштастырып, «жасыл» экономикаға бет бұруға дайын екенін дәлелдеп отыр.

Қазақстанның мұнай-газ саласының тарихы – бұл Қарашүңгілдегі алғашқы бұрғы қондырғыларынан бастап, көмірсутектер қоры бойынша әлемдік рейтингтерде жетекші орынға дейінгі ұзақ жол. Бүгінде бұл сала – экономиканың берік іргетасы, миллиондаған жұмысшының тірегі әрі елдің болашағын айқындайтын технологиялық және экологиялық реформалардың басты алаңы.