Шымкентте М.Әуезов атындағы ОҚУ-да қалалық ардагерлер кеңесі өтті

Шымкентте М.Әуезов атындағы ОҚУ-да қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті Xll есеп беру-сайлау конференциясы ұйымдастырылды.

Бес жылда бір мәрте ұйымдастырылатын биылғы басқосу Тәуелсіздіктің 30-жылдығына тұспа-тұс келуімен қатар әрі ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы
Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгелі бергі алғашқы жиын болып отыр.
Конференцияға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Елге еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері жиынға делегат ретінде шақырылды. Басқосудың күн тәртібінде қалалық ардагерлер кеңесінің, тексеру комиссиясының есептері тыңдалды және кеңестің Жарғысына өзгерістер енгізіліп, алқа мүшелерінің жаңа құрамы сайланды.
Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев ұйымның тыныс-тіршілігін баяндады. Мәселен, бүгінде шаһарда 88 мыңға тарта зейнеткер тұрады. Оның 16-сы ҰОС ардагері. Ұйым көптеген игі іс-шаралардың ұйтқысы болып жүр. Соның бір дәлелі, ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әкелер мектебі» институты. Сондай-ақ «Аталар сөзі – тәрбиенің көзі» бағдарламасы аясында жергілікті теледидар, баспасөз құралдары арқылы қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары халыққа кеңінен насихатталуда.

ПІКІР ЖАЗУ