Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Парламент кулуарында МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты Бас прокуратураға жаңа мәлімдеме дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанның 4 өңірінде өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда «жалған тіркеулер және жұмыс істемейтін ұйымдарға қаражат аудару» деректері бар.
«СК-Фармацияға» қатысты мәлімдемені 1 шілдеде жолдадым. Қазір Бас прокуратура айналысып жатыр. Ал МӘМС бойынша мәлімдеме алдағы күндері жіберіледі, — деді депутат.
Депутаттың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі ондаған миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Заң бұзушылықтар орта есеппен 30-дан, кейде 60 миллиард теңгеге дейін барады. Барлығы Бас прокуратураның қалай бағалайтынына және кейін құқық қорғау органдарының қандай шешім қабылдайтынына байланысты, — деді депутат.
