“Қайраттың” Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісі қанша табыс әкелді?

Алматылық “Қайрат” пенальти сериясында Шотландияның “Селтигін” жеңіп, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шотландиялықтармен өткен екі матч та тең есеппен – 0:0 болып аяқталды. Ал пенальти сериясының басты қаһарманы қақпашы Темірлан Анарбеков болды. Ол “Селтик” ойыншыларының үш соққысын қайтарып, өз командасына жеңіс сыйлады.
“Селтикті” жеңген “Қайратқа” 12 миллиард теңге табыс түсті
Осылайша “Селтикті” жеңгені үшін “Қайрат” кемінде 18 миллион 620 мың еуро немесе 11,7 миллиард теңге табысқа ие болды.
Бұл сомаға негізгі кезеңдегі әр ойын нәтижесіне берілетін жүлделер де қосылады: Жеңіске – 2,1 миллион еуро, тең ойынға – 750 мың еуро.
Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, еурокубоктардың іріктеу кезеңіне тұрақты түрде қатысып жүрген қазақстандық командалардың жылдық бюджеті 4 миллиард теңгеден аспайды.
“Қайрат” Чемпиондар лигасында кімдермен кездесуі мүмкін?
Енді 2025 жылдың күзі – 2026 жылдың қысында алматылық клуб Еуропа футболының алыптарымен сегіз матч өткізеді.
Негізгі кезеңнің жеребесін тарту жұма күні өтеді. Қарсыластардың қатарында турнирдің қазіргі жеңімпазы – Францияның “Пари Сен-Жермені”, әлемдегі ең атақты клуб – мадридтік “Реал”, Испания чемпионы – каталондық “Барселона”, сондай-ақ ағылшынның алпауыттары – “Ливерпуль”, “Манчестер Сити”, “Арсенал” және басқа да топ-клубтар болуы мүмкін.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының негізгі кезең ойындары 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап 2026 жылдың 28 қаңтарына дейін өтеді.
Сегіз матчтың төртеуін “Қайрат” өз алаңында қабылдайды.
Еске салсақ, “Қайрат” алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққанын жаздық.
Сондай-ақ, “Көк-Төбе” телемұнарасы “Қайраттың” жеңісіне орай жарқырады.