Мұқаба Жаңалықтар Жылына қанша рет ақысыз демалысқа шығуға болады?

Қазақстанда Еңбек кодексіне сәйкес, еңбекақы сақталмайтын демалыс (ақысыз демалыс) алуға болады. Ақысы төленетін еңбек демалысынан бөлек, ақысыз демалыс туралы не білген жөн? Осы мәселе бойынша заңгер Сабира Салимова BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде еңбекақы сақталмайтын демалыс 97-баппен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша, қызметкердің өтініші негізінде оған еңбекақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Мұндай демалыстың ұзақтығы да жұмыс беруші мен қызметкердің келісімі арқылы анықталады, – деп түсіндірді заңгер.
Яғни заңнамада мұндай демалысты қанша рет алуға болатынына немесе оның ұзақтығына шектеу қойылмаған.
Бұл жерде бастысы – екі тараптың келісімі. Дегенмен, жұмыс берушінің мұндай демалысты беруден бас тартуға құқығы бар. Алайда заңда жұмыс беруші міндетті түрде еңбекақы сақталмайтын демалыс беретін жағдайлар да қарастырылған. Оның ұзақтығы 5 күнтізбелік күнге дейін болуы мүмкін, – дейді Сабира Салимова.
Бұл жағдайларға мыналар жатады:
- неке қию;
- баланың дүниеге келуі;
- жақын туысының, сондай-ақ жұбайының немесе оның жақын туыстарының (аға-інілері, әпке-қарындастары, ата-анасы, балалары, әжесі, атасы, немерелері) қайтыс болуы.
Сонымен қатар еңбек немесе ұжымдық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда демалыс берілуі мүмкін.
2024 жылғы маусым айынан бастап жаңа норма енгізілді. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда болған кезеңде жұмыс беруші еңбекақы сақталмайтын демалысты міндетті түрде ұсынуға тиіс. Мұндай демалыстың ұзақтығы 30 күнтізбелік күннен аспайды.
Бұл жағдайда қызметкер жұмыс берушіге демалыс мерзімін көрсете отырып, жазбаша хабарлама береді және арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету туралы келісімшарттың көшірмесін қоса тапсырады.