“Әкімдердің жоспарлауы нашар”: Бектенов жылыту маусымына дайындықты сынады

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымы қарсаңында энергетика мен коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу мен жаңартуды бақылауды күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Энергетика секторында тозу дәрежесі жоғары болуын ескере отырып, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы әрі сапалы жүргізілуі қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр станцияларын жөндеу мен жаңғырту үшін биылдың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары.
Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Солтүстік аймақтарда жылыту маусымы басталғанға дейін бір айдан аз уақыт қалғаны белгілі. Алайда Премьер-министр бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталмай қалу қаупі барын ескертті. Әкімдердің баяндамасын тыңдаған соң Бектенов жұмысты барынша желдету керектігін алға тартты.
Оған қоса, Ақмола облысында Степногорск жылу электр орталығында резервтік қазандықты жөндеу әлі аяқталған жоқ. Маңғыстау облысында 2-ші жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі ауыстырылды. Сондай-ақ Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен. Мұндай мәселелер әр өңірде бар. Мұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша Өңірлік штабтардың жұмыстары мардымсыз болып отыр, – деді Олжас Бектенов.
Айтуынша, тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақытылы шешуге болады. Биыл мамырда жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу тапсырылған болатын.
«KEGOC» компаниясы энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының мерзімдерін ұзартуға рұқсат беруді жалғастыруда. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Мерзімдерді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет, – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ энергия кәсіпорындарының жылу беру маусымына әзірлігін бағалау комиссиясының жұмысына әкімдер тікелей өздері қатысуға тиіс.
Нысандар қысқа әзірлік паспорттарсыз, жұмысты бастамау керек. Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталатын болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады. Сондай-ақ жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырамын. Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кету керек, – деді Үкімет басшысы.
Осы ретте Бектенов бірқатар мәселені назарда ұстауды тапсырды:
- Энергетика министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етсін.
- Биылғы 1 қыркүйекке дейін өңірлерге берілетін әлеуметтік мазуттың жеткізу кестесі бекітілсін.
- Энергетика министрлігі Қазақстан теміржолы компаниясымен және өңірлердің әкімдіктерімен бірге энергия объектілеріне көмір мен мазутты бекітілген кесте мен көлемдерге сәйкес уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдасын.
- Сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуіне бақылау белгіленсін.
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңірлердің әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етсін, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің әзірлігін қамтамасыз етсін.
- Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауда ұстау қажет.