Тендер «таныстықпен» өте ме? «Самұрық-Қазынада» бір көзден сатып алу үлесі 60%-ға жетті

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуда бір көзден алу көлемі қысқарғанымен, «Самұрық-Қазына» қорында керісінше күрт өскені байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2021 жылдан 2024 жылға дейін мемлекеттік сатып алуда бір көзден алу үлесі 39%-дан (2,4 трлн теңге) 23%-ға (1,6 трлн теңге) дейін азайды. Бұл шамамен 800 млрд теңгенің сатып алуларын бәсекелестік ортаға шығаруға мүмкіндік берді.
Бәсекесіз сатып алу рәсімдерінің негізгі үлесі заңнамада белгіленген тұлғалардан сатып алуға (21,6%), табиғи монополия субъектілерінен (19,3%) және бағынышты ұйымдардан сатып алуға (15,9%) тиесілі болды.
Ал «Самұрық-Қазынада» керісінше жағдай қалыптасты: 2021 жылдан 2024 жылға дейін бір көзден сатып алу үлесі 14%-дан 60%-ға дейін өскен. Негізгі себеп – холдинг ішіндегі кооперацияның кеңеюі, ол барлық бәсекесіз сатып алулардың 57%-ын құрап отыр, — делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Агенттіктің мәліметінше, бұл тәжірибе кейде таңдамалы түрде қолданылады. Мәселен, «ҚТЖ» дизель отынын холдингтің еншілес компаниясы – «ҚазМұнайГаздан» тікелей алу мүмкіндігі бола тұра, жеке делдалдардан сатып алған.
Сонымен қатар, монополияға қарсы орган «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ пен «Hill Corporation» ЖШС арасында 12 млрд теңгеден асатын сомаға жасалған бәсекеге қарсы келісімді анықтады. Бұл істің материалдары Бас прокуратураға жолданды.
2024 жылы агенттік «Самұрық-Қазынаның» 127 млрд теңгеге холдинг ішіндегі кооперацияны кеңейту туралы ұсыныстарын қабылдамай тастады. Сондай-ақ, Қордың қатысуымен сатып алу ережелеріне 129 түзету енгізу бастамасы көтерілді. Қазір Қордың сатып алу рәсімдерін реттеу және бақылау функцияларын Қаржы министрлігіне беру мәселесі талқыланып жатыр.





