Түркістандық туристік полиция бір айда 650-ге жуық азаматқа қызмет көрсеткен

Еліміздің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында ҚР ІІМ-нің бастамасымен Түркістанда туристік полиция құрылған. Бұл бөлімдегі инспекторлар шетел азаматтарының рухани астанадағы жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Туристік полицейлер шетелдіктерге елімізде болу ережелерін түсіндіреді, көші-қон ережелерін бұзған адамдарды анықтайды, өтініштерді есепке алуды және туристік аймақты патрульдеуді қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда туристерге қызмет көрсету жөніндегі взвод қызметкерлерінің саны 25 адамды құрайды. Олар Қ.А.Яссауи кесенесі, Керуен сарай кешені, Президент саябағы сияқты туристер көптеп кездесетін орындарда қызмет етеді. Туристік полиция қызметіне соңғы бір айдың ішінде 650-ге жуық азамат жүгінген. Негізінен туристер белгілі бір мекенжайға, тамақтану орындарына және көрікті жерлерге қалай жетуге болатынын сұрайды.

Полиция қызметкерлері маршрутты түсіндіреді, такси шақыруға көмектеседі және қажетті көмек көрсетеді. Шетелдіктерден басқа, біздің отандастарымыз жоғалған баланы немесе ұмытылған жеке заттар мен телефондарды табуды сұрайды.

Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталған. Олар қазақ, орыс, түрік, қытай, ағылшын тілдерін және еліміздің тарихын жетік меңгерген. Бұдан бөлек қала аумағында туристерге арналған «SOS» батырмасы жұмыс жасайды.