Төлеби: көрсеткіштердің орындалуы — қатаң бақылауда

Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланып, үш маңызды мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – 2025 жылдың индикаторларының орындалу барысы.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы 2025 жылдың соңына дейінгі 89 индикатор бойынша айлық болжамдарды таныстырды. Ол әр көрсеткішке жеке тоқталып, жоспарлы межелерді нақтылап, орындалу тетіктерін түсіндірді.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығына құйылған қаржы, салық түсімдері, бюджет шығыстары мен айыппұлдар үлесі – барлығы жылдық жоспар аясында толық орындалуы тиіс.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы әр көрсеткіш бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жүйелі жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, кедейшілік деңгейін төмендетіп, жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру қажеттігін атап өтті.
Екінші мәселе – өндірістік парктер ашу.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы аталған бағыттағы жұмыстармен таныстырып, қолға алынған жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. 12 ауылдық округ пен 1 қала аумағында өндірістік парктер ашу мәселесі қаралды.
Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының жартыжылдық көрсеткіштері.
2025 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер сараланып, ауылдық округтер бойынша индикаторлардың орындалуы талқыланды. Жұмыстардың тиімділігі мен кемшіліктер нақты деректермен көрсетілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы барлық жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Индикаторлардың орындалуын жүйелі түрде бақылау тапсырылып, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы аптасына екі рет жиын өткізіп, қорытындысы аппараттық мәжілісте қаралатыны ескертілді.