Келес: Қошқаратада 18 шақырым жол жөнделді

Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің әкімі Ерлан Нұрмахан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Аудан аумағындағы ең ірі округтердің бірі саналатын Қошқаратаның жер көлемі 17 978,56 гектарды құрайды. Оның ішінде 13 597 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, жайылымдық жер 2 305 гектардан асады.
Биылғы жылы 4 991 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ең көп егілген дақыл көкөніс – 1 703 гектар, одан кейін мал азығы – 1 294 гектар, жүгері – 452 гектар және бидай – 320 гектар. Округ аумағында 702 ауылшаруашылық құрылым тіркелген. Мал шаруашылығында ірі қара саны 7 371, ұсақ мал 23 942, жылқы 2 302 басты құрайды.
Әлеуметтік қолдауға мұқтаж 137 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 26,8 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл басынан бері 7 ана алтын алқамен, 9 ана күміс алқамен марапатталған. Қоғамдық ақылы жұмысқа 40 адам тартылған.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында бірқатар жобалар іске асырылды. Ұшқын елді мекені мен Қошқарата ауылындағы бірнеше көшелерге табиғи газ тартылып, ішкі желілер пайдалануға берілді. Аманжар, Бесқұбыр, Жаңақоныс ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуда. Ұшқын ауылында 200 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалған.
Жол жөндеу бағытында бірнеше елді мекенде 18 шақырымға жуық жолға асфальт төселіп, ішкі көшелерге жамау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жарықтандыру, балалар ойын алаңшаларын орнату, спорт нысандары мен әкімшілік және медицина ғимараттарын салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Брифинг барысында әкім Ерлан Нұрмахан округте қолға алынған жұмыстардың барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталғанын атап өтіп, бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.