«АБАЙ ДАРА, АБАЙ ДАНА – ҚАЗАҚТА» атты әдеби-мәдени іс-шара өтті

2025 жылғы 6 тамыз күні «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен халқымыздың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «АБАЙ ДАРА, АБАЙ ДАНА – ҚАЗАҚТА» атты әдеби-мәдени іс-шара өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының рухани көсемі Абай Құнанбайұлының бай мұрасын ұлықтап, өскелең ұрпақтың тарихи танымын арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Әдеби кештің ресми бөлімін ашу және қатысушыларды құттықтау үшін сөз кезегі мекеме директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Бақтыбай Әшімханұлына, ақын, ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы Білім ісінің үздігі Н. Ыбырайымға, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Б. Есбосыноваға және Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы І. Алтынбек мырзаға берілді.
Аталған мерекелік жиында Абай мұрасын насихаттау мақсатында орталық қызмет алушылары – зейнет жасындағы ата-апаларымыз ақынның өмірбаянын, өлеңдерін және қара сөздерін оқып, жастарға рухани тәрбие мен ұлттық сана негіздерін сіңіруге өз үлестерін қосты.
Іс-шара аясында орталықтың қызмет алушысы, зейнеткер Ауезханов Фазлиддин өз қолымен жасаған, Абай бейнесі бейнеленген қолөнер туындысын орталыққа тарту етіп, кештің мазмұнын ерекше толықтырды.
Бұл – жай ғана мерейтойлық шара емес, тарихпен, руханиятпен, Абай әлемімен сырласқан тағылымды басқосу болды. Кеш барысында көтерілген ойлар мен өнер көрсетілімдері жүрекке жол тауып, қатысушылардың рухани дүниесін байытты. Әдеби-мәдени жиын ата-апаларымызға ерекше әсер қалдырды.