Түркістан облысындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жаңа жобаларға серпін береді

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл ретте өңірдегі «TURAN» арнайы экономикалық аймағының маңызы зор. Аталған аймақтың түйткілді мәселелері бойынша арнайы мәжіліс өтіп, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

– «TURAN» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін толық пайдалану керек. Бұл – экономка мен өндірісті дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Осы аймақтан жер алып, жұмысты бастамаған тұлғалардан жер қайтып алынсын және айыппұл салу мәселесі қарастырылсын. Уақыт жоғалтуға болмайды. Әрбір жоба өз мерзімінде жүзеге асуы тиіс. Экономикалық аймақтың инфрақұрлымын жақсартуға қатысты жұмыстар да қатаң бақылауда болады, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма мен экономикалық аймақ басшысына, Мақтаарал, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қаласының әкімдеріне инвестициялық жобаларға, инфрақұрылымға қатысты міндеттемелер жүктеді. Жұмысты ширатуды тапсырды.

Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2019 – 2025 жылдардың қорытындысы бойынша «TURAN» АЭА-ның инвестициялық портфелі жалпы құны 751,6 млрд. теңге болатын 221 жобаны құрады. Оның ішінде 253,9 млрд. теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылып, 1353 тұрақты жұмыс орны құрылған. 464,6 млрд. теңгеге 137 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек АЭА аумағында 34,1 млрд. теңгеге 45 жоба  жүзеге асып, қонақүйлер, туристік кешендер, сауда ойын-сауық орталықтары елге қызмет көрсетуде.

Қатысушы есебінде тіркелген жобалардың құрылысы барысында жаңа 11236 жұмыс орындарын құру жоспарланған. Осы жыл соңына дейін 46,5 млрд. теңгеге 1360 тұрақты жаңа жұмыс орнын құратын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда жаңадан қосымша 104 млрд. теңгені құрайтын 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында да тиісті тірліктер атқарылып келеді. Өнеркәсіптік аймақтар газбен, қоршаумен, абаттандыру, су және кәріз жүйелерімен қамтылуда. Тиісті жұмыстар жалғасады. 

«TURAN» АЭА-да тіркелген, ашылған және енді ашылатын ең ірі өндіріс орындарына тоқталсақ, олардың қатарында «BASPOLYMER» ЖШС-нің полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдары, тамшылататын таспалар шығаратын ірі зауыты, «QazEcoPack» ЖШС-нің бастапқы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын (скотч, стрейч-пленка, полиэтилен, көпіршікті пленка) өндіретін кәсіпорны, «PSI Mineral Technologies» ЖШС-нің тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауыты, «АЛТЫН ДАЛА МАҚТА» ЖШС-нің біріктірілген қоймасы бар ПВХ құбырларын шығаратын зауыты, «KZ_Unicol» ЖШС-нің әртүрлі жарықтандыру құрылғыларының сэндвич-панельдерін шығаратын зауыты,  «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттер және бір рет қолданылатын пластик ыдыстар (тамақ өнімдері үшін) шығаратын зауыты бар. «Silk Way International» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы машиналары мен бөлшектерін өндіру және құрастыру зауытын, «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің толық циклді тоқыма өнімдерін өндіруге арналған мақта агроөнеркәсіптік кешенін, «Qaz Natural Laminat» компаниясының ағаштан және тығыннан жасалған бұйымдарды өндіру, сабан бұйымдары мен тоқыма материалдарын өндіру кәсіпорнын ашу да көзделген.

Айта кетейік, жыл басынан облыс экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша 6 ай қорытындысымен өсім 118%-ды құрап, облыс республика көлемінде бірінші орынға шықты.