Отырар: тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын пысықтады

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету керектігіп айтып, тапсырма берген болатын.
Осы мақсатта Отырар ауданында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Жалпы ауданда 38 елді мекеннің 36-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған Сырдария және Ақкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, жобаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы қаржы қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл мен аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов жауапты сала мамандарымен бірге елді мекендерді аралап, аймақтағы атқарылған жұмыстарды бағамдап, тұрғындарға қажеттілігі жоғары коммуналдық саланың жұмысын пысықтады.
Жалпы ауданда елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен бірге ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қарқын алған. Осы мақсатта, аудандық бюджет қаражаты есебінен Маяқұм, Балтакөл, Аққұм, Жаңа Шілік елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптама қорытындылары алынған. Қазіргі таңда Балтакөл және Аққұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда. Қалған жобаларды толықтай жүзеге асыру үшін Түркістан облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шарушылық басқармасына өтінімдер беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Қостерек, Аққұм, Жаңа Шілік, Көлқұдық, Шеңгелді, Қарақоңыр, Отырабад, Ақтөбе, Ескі Шілік, Қостүйін, Ш. Қалдаяқов, Маяқұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Аралау барысында аталған нысандардың ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор екендігін айтқан аудан әкімінің орынбасары Қ.Сейітқұл құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертіп, жауапты сала мамандарына аталған жұмыстарды қадағалауды тапсырды.